
2026 жылғы 25 маусымда Бесқарағай аудандық мәслихатының тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті.
Отырыс барысында құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының қызметі, ауданда мал шаруашылығын одан әрі дамыту, ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау, мал шаруашылығымен айналысатын фермерлерге кредит беру және субсидиялау мәселелері қаралды. Сонымен қатар тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен оларды алушылар санаттарының тізбесін айқындау және «Абай облысы Бесқарағай ауданының 2026-2030 жылдарға арналған Даму жоспарын бекіту туралы» Бесқарағай аудандық мәслихатының 2025 жылғы 29 желтоқсандағы № 36/15-VIIІ шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселелері талқыланды.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелерін талқылау барысында депутаттар ветеринариялық және фитосанитариялық қауіпсіздікке ерекше назар аударды. Жануарлар арасында кездесетін жұқпалы аурулардың алдын алу және оны емдеу, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ зиянды және аса қауіпті зиянды организмдердің таралуына мониторинг жүргізу, карантиндік объектілер ошақтарын анықтау және карантиндік арамшөптердің таралуының алдын алу жөніндегі шараларды іске асыру мәселелері көтерілді.
Сонымен қатар депутаттар учаскелік полиция инспекторларының автопаркін жаңарту, оларды қызметтік автокөлікпен қамтамасыз ету, ауданның тұрғын үй қорының жай-күйі, жаңа екі пәтерлі тұрғын үйлерді бөлу тәртібі және тұрғын үй сертификаттарын азаматтардың жекелеген санаттарына беру мәселелерін талқылады.
Қаралған барлық мәселелер бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен мекемелер тарапынан тиісті түсіндірмелер беріліп, депутаттардың сұрақтарына жауаптар ұсынылды.
Бірлескен отырыстың қорытындысы бойынша тиісті ұсынымдар қабылданды. Күн тәртібіне енгізілген барлық мәселелер Бесқарағай аудандық мәслихатының кезекті қырық үшінші сессиясының қарауына енгізілді.