АУЫЛ МЕКТЕПТЕРІНІҢ ОҚУШЫЛАРЫНА АРНАЛҒАН ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН ПӘНДЕР БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДА

АУЫЛ МЕКТЕПТЕРІНІҢ ОҚУШЫЛАРЫНА АРНАЛҒАН ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН ПӘНДЕР БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДА

Елімізде ауылдық жерлердегі мектеп оқушыларының дарындылығы мен қабілеттерін анықтау және қолдау үшін оңтайлы жағдайлар жасау, неғұрлым академиялық қабілетті оқушыларды іріктеу, олардың зияткерлік дамуы мен кәсіби бағдарлануы мақсатында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Бейсембаев Ғани Бектайұлының тікелей тапсырмасы бойынша тұңғыш рет ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада бастау алды.

Олимпиадаға республикамыздың ауылдық мектептерінде соңғы екі оқу жылында оқитын барлық 9-11(12) сынып оқушылары қатыса алады.

Олимпиаданың I (бастапқы) кезеңіне ниет білдерген оқушылар www.аuyl.daryn.kz сайтында 15 қарашаға дейін тіркелуі тиіс.

Олимпиада тәртібі бойынша, академиялық адалдықты қамтамасыз ету үшін тапсырмалар әр қатысушыға жеке электронды түрде жіберіледі. Олимпиаданың барлық кезеңдерінде оқушылардың аты-жөні көрінбейді. Әр кезеңнен кейін тапсырмалардың сканерленген нұсқасы, қатысушылардың жұмыстары мен дұрыс жауаптар орталықтың сайтында жарияланады.
Олимпиада үш кезеңде өткізіледі: бірінші кезең (бастапқы) – қараша айы; екінші (іріктеу) – желтоқсан айы; үшінші (республикалық) – ағымдағы оқу жылының қаңтар айы.

І кезең онлайн-платформада өтеді. Қорытынды бойынша ең жоғары ұпай жинаған қатысушылардың 35%-ы ІІ кезеңіне қатысады.

ІІ кезеңнің тапсырмалары дәстүрлі олимпиадалық түрде онлайн-платформада көрсетіліп, шешімдер қағазда шығарылады.

III кезеңге ІІ кезеңнің жеңімпаздары қатысады. Үшінші кезеңнің барлық қатысушылары республикалық сырттай оқу мектебіне қабылданады.

Жүлдегерлер саны қатысушылардың жалпы санының 45% құрайды және ҚР ОАМ дипломдарымен марапатталады.

I дәрежелі диплом иегерлері 2024 жылғы ақпан айында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне дайындау мақсатында өткізілетін оқу-жаттығу жиындарына шақырылады.

Айта кетсек, олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімі 20 қараша күні республикамыздың әр ауылдық мектебінде бір мезетте өтпекші.