ҚАЗАҚСТАНДА БАЛАЛАРҒА ҚАТЫСТЫ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ДЕҢГЕЙІ АЙТАРЛЫҚТАЙ ТӨМЕНДЕДІ

ҚАЗАҚСТАНДА БАЛАЛАРҒА ҚАТЫСТЫ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ДЕҢГЕЙІ АЙТАРЛЫҚТАЙ ТӨМЕНДЕДІ

БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) 2024 жылғы MICS нәтижелеріне сәйкес, Қазақстанда ата-аналардың балаларды тәрбиелеу барысында физикалық жазалау мен психологиялық қысым сияқты зорлық сипатындағы дисциплиналау түрлерін қолдану деңгейі 53 %-дан 38 %-ға дейін төмендеген.

Бұл көрсеткіш – Бухарест қаласында өткен БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі, ЮНИСЕФ және Румыния Үкіметі ұйымдастырған балаларға қатысты зорлық-зомбылықты жою жөніндегі халықаралық конференция аясында Еуропа және Орталық Азия бойынша ЮНИСЕФ-тің Балаларды қорғау жөніндегі өңірлік кеңесшісі Аарон Гринбергтің баяндамасында атап өтілген Орталық Азия мен Еуропа елдері бойынша жарияланған деректер арасындағы ең төмен деңгейлердің бірі.

2025 жылғы 13 қазанда Еуроодақтың 32 елі мен Орталық Азия елдерінің үкіметтері Румынияда бас қосып, 2024 жылғы қарашада Колумбияның Богота қаласында өткен алғашқы Әлемдік конференцияның балаларға қарсы зорлық-зомбылықты түбегейлі жою жолындағы тәжірибелері мен қол жеткізген нәтижелерін ортаға салды.  

Осыған байланысты ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Румынияда өткен конференцияда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамаларына сәйкес Қазақстанда қабылданған балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған реформалар мен заңнамалық шараларды Еуропа және Орталық Азия елдеріне таныстырды.

Айта кету керек, бұған дейін көктемде ЮНИСЕФ-тің Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Реджина де Доминичис өзінің Қазақстанға ресми сапары барысында Мемлекеттік кеңесші Е.Т. Қаринмен кездесу кезінде елімізде балалардың құқықтарын қорғау және оларды зорлық-зомбылықтан сақтау бағытында қабылданған шараларды жоғары бағалады. Ол Қазақстан тәжірибесін Еуропада өтетін конференцияда ұсынудың маңыздылығын, әсіресе тәулігіне мыңға жуық бала көмек пен қолдау сұрап хабарласатын QR 111 бірыңғай байланыс желісі, сондай-ақ буллинг, зорлық және суицидтің алдын алуға бағытталған институционалдық және заңнамалық шараларды біріктіретін SAFE платформасы сияқты бастамалардың тиімділігін таныстырудың маңыздылығын ерекше атап өтті. 

*MICS – ЮНИСЕФ бес жыл сайын өткізетін Мультииндикаторлық кластерлік зерттеу.