БАЛАНЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУДЫҢ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ

БАЛАНЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУДЫҢ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ

Бүгін ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті денсаулық сақтау және еңбек, халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, сәбилер үйлерінің және балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарының өкілдерімен бірлесіп, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдарда балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік бақылаудың және мониторингтік тексерулердің қорытындылары бойынша онлайн кеңес өткізді.

2020 жылы денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау саласының 18 объектісі Балалардың құқықтарын қорғау Комитетінің тексерулерімен қамтылды, осы ұйымдарда тәрбиеленетін жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың 400-ден астам сауалнамасы зерделенді.

Мүдделі ведомстволар арасында онлайн семинар түрінде сындарлы диалог өтті, онда бақылау іс-шаралары барысында анықталған бұзушылықтарды болдырмау жөніндегі өзекті мәселелер мен ұсыныстар талқыланды.

Сондай-ақ, семинар барысында Комитет қызметкерлері жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған республикалық деректер банкінде тәрбиеленушілерге бару кестелерін орналастыру және балалардың сауалнамаларын дұрыс толтыру бөлігінде түсініктемелер берді.

Қорытынды бойынша балалардың құқықтарын қорғау саласындағы жұмысты күшейту бойынша қосымша шаралар қабылдау жөнінде ұсынымдар берілді.

Сонымен қатар, 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында 42 ұйымға бару арқылы бақылау тексерістерін жүргізу жоспарланған.