«Бала құқығы – адам құқығы» атты арнайы іс-шаралар жоспарын әзірледі

«Бала құқығы – адам құқығы» атты арнайы іс-шаралар жоспарын әзірледі

ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Бала құқығы – адам құқығы» атты арнайы іс-шаралар жоспарын әзірледі. Іс-шаралар ағымдағы жылдың 20 қазанынан бастап 20 қарашасына дейінгі аралықта өткізілетін болады.

Дүниежүзілік балаларды қорғау күніне арналған «Бала құқығы – адам құқығы» іс-шараларын ұйымдастыру қажеттілігі БҰҰ-ның «Бала құқықтары туралы» конвенциясының, «Қазақстан-2050» Стратегиясының, Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Қазақстан халқына жолдауының міндеттеріне негізделгенін атап өткен жөн.

Шараға Қазақстан Республикасының балалары, мемлекеттік органдар, педагогикалық және ата-аналар қоғамдастығы, бизнес-құрылымдар, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысады деп жоспарлануда.

20 қараша күні кездейсоқ таңдалған жоқ. 1959 жылдың дәл осы күні Бас Ассамблея Бала құқықтары туралы декларацияны қабылдады.

Құжат 10 негізгі қағидаларды біріктіріп, «балаларға бақытты балалық шақ беруді» негізгі мақсат етіп жариялады.

Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету - Қазақстан Республикасының ұлттық саясатының басты бағыттарының бірі. Сондықтан, дүниежүзілік балаларды қорғау күніне арналған іс-шараларды ұйымдастыру мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдардың балалардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударуының дәлелі саналады.  

         Балалық шақтың өзекті мәселелерін барынша қамту үшін іс-шаралар үш негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады. Олар:

1) «Балалық шақты бірге қорғайық» –  балалардың құқықтарын қамтамасыз ету саласындағы республиканың үкіметтік емес ұйымдарымен онлайн-диалог алаңдарының жұмысын ұйымдастыру, балалардың құқықтарын қамтамасыз етудің аймақтық мәселелері бойынша ұсыныстарды талқылау және қабылдау;

2) «Бақытты бала – бақытты ана – бақытты отбасы – бақытты ел» –  балалардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекет жүзеге асыратын шаралар туралы ақпараттандыру мақсатында көп балалы аналармен, ата-аналар қауымдастықтарымен кездесулер ұйымдастыру;

3) «Тәуелсіз елдің ұрпағы» –  Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің балалар өкілдіктерінің бірінші республикалық онлайн-кездесуін, аумақтық блоктардағы көшбасшы балалармен кездесулерді ұйымдастыру және өткізу.

Нәтижесінде Республиканың барлық аймақтарында балалардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселелерін жүзеге асыратын үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылды күшейту; балалардың құқықтарын қамтамасыз ету туралы қоғамды ақпараттандыру; балалардың қоғам мен мемлекеттегі балалық шақтың өзекті мәселелерін шешуге қатысу құқығын жүзеге асыру күтілуде.