Бүгінде еліміздің барлық өңірінде психологиялық қолдау орталықтары жұмыс атқаруда. 2025 жылдың 9 айлық көрсеткіші бойынша бұл орталықтар 23 мыңнан астам азаматқа көмек көрсетті. Оның ішінде шамамен 14 мың бала мен 9 мыңнан астам ата-ана жеке консультациялар мен психологиялық көмек алған.
Егер сіз зорлық-зомбылыққа, қатыгездікке тап болсаңыз немесе бала қауіпсіздігіне қатер төнгенін байқасаңыз, Психологиялық қолдау орталығына жүгініңіз. Мамандар балалар мен ата-аналарға кәсіби көмек көрсетіп, құпиялылықты және қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
Аталған орталықтардың қызметі Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттылығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында жүзеге асырылуда.
Елімізде Балалардың әл-ауқаты индексінің қорытындысы аясында кең ауқымды әлеуметтік зерттеу жүргізілді. Зерттеуге барлығы 93 120 адам қатысып, олардың 52 754-і – ата-аналар, ал 40 366-сы – оқушылар болды.
Зерттеу нәтижесінде ата-аналардың 13,9 пайызы жұмысбастылықтың көптігінен балаларына жеткілікті уақыт бөле алмайтынын айтқан. Ең жоғары көрсеткіштер Солтүстік Қазақстан облысында (17,9%), Алматы қаласында (17,8%), Қостанай (17,3%) және Ақмола (16,1%) облыстарында тіркелген. Ал ең төмен көрсеткіштер Шығыс Қазақстан (9,1%), Батыс Қазақстан (10%) және Атырау (10,6%) облыстарында байқалды.
«Ата-ананың тұрақты назары мен бала өміріне қатысуы оның эмоциналдық саулығы мен жан тыныштығының басты кепілі. Үлкендердің жұмысбастылығы мен балалармен сирек сөйлесуі отбасы ішіндегі сенім мен өзара қолдауды әлсіретеді. Осы бағытта “Адал Азамат” бағдарламасы аясында құрылған ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету орталықтары маңызды рөл атқарып келеді. Биылғы оқу жылынан бастап бұл орталықтар жаңартылған бағдарлама негізінде жұмыс істеп, заманауи цифрлық форматтарды және балалардың психикалық саулығы мен эмоциялық дамуына арналған тақырыптарды қамтиды», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
UNICEF халықаралық зерттеулеріне сәйкес, ата-ананың баламен күн сайын 10–15 минут еш алаңсыз сөйлесуі өзара сенімді нығайтып, мазасыздықты азайтып, баланың эмоциялық тұрақтылығын арттырады.
Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ата-аналарға күн сайын кемінде бес минут уақытын баласына арнап, смартфон мен өзге де гаджеттерді пайдаланбай, ашық әрі мазмұнды әңгімеге көңіл бөлуге кеңес береді. Мұндай қысқа да мәнді қарым-қатынас баланың өз отбасында өзін қауіпсіз әрі сенімді сезінуіне ықпал етеді.
Егер балада мазасыздық, тұйықтық немесе ашушаңдық белгілері байқалса, ата-аналар мектеп психологына, Психологиялық қолдау орталықтарының мамандарына немесе отбасы мен бала мәселелері жөніндегі тәулік бойы жұмыс істейтін «111» байланыс орталығына жүгінуі қажет.
13–14 қазан күндері Румыния астанасы — Бухарест қаласында ЮНИСЕФ пен Румыния Үкіметі ұйымдастырған балаларға қатысты зорлық-зомбылықты жою жөніндегі өңірлік конференция өтуде. Шараға Еуропа мен Орталық Азияның 32 елінен өкілдер қатысуда.
Қазақстан тарапынан Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова қатысып, «Мектептер мен отбасындағы қауіпсіз және қолайлы орта» сессиясында сөз сөйледі.
Конференция барысында MICS (Көпкөрсеткішті кластерлік зерттеу) - 2024 халықаралық зерттеуінің нәтижелері ұсынылды. Зерттеу мәліметтері бойынша Қазақстанда ата-аналардың балаларды тәрбиелеу барысында физикалық жазалау мен психологиялық қысым көрсету деңгейі 53%-дан 38%-ға төмендеген. Бұл көрсеткіш Еуропа мен Орталық Азия елдері арасында ең төмен деңгейлердің бірі болып саналады.
Сессияда сөз сөйлеген Насымжан Оспанова соңғы жылдары Қазақстанда балаларды зорлық-зомбылықтан және буллингтен қорғауға бағытталған ауқымды реформалар жүзеге асқанын атап өтті. Заңнамаға «буллинг» ұғымы енгізіліп, әкімшілік жауапкершілік белгіленді. Сонымен қатар жаңа оқу жылынан бастап барлық мектептер мен колледждерде қазақстандық «ДосболLIKE» антибуллингтік бағдарламасы іске қосылды, пилоттық кезеңде буллинг жағдайларының азайғаны байқалды.
Бұдан бөлек, барлық білім беру ұйымдарында «Жеке қауіпсіздік» сабақтары енгізілді. Мектептерде психологиялық-педагогикалық қолдау қызметтері мен психологиялық көмек орталықтары жұмыс істейді. Балаларға жедел көмек көрсету үшін «111» байланыс орталығы іске қосылып, мектептерде балалардың анонимді түрде хабарласуына мүмкіндік беретін QR-кодтар орналастырылған.
Өңірлерде Отбасын қолдау орталықтары мен ерте анықтау бойынша мобильді топтар жұмыс істейді, олар қиын өмірлік жағдайдағы отбасыларға психоәлеуметтік қолдау көрсетеді.
Мемлекет жүзеге асырып отырған барлық шаралар мен бағдарламалар SAFE интерактивті платформасында біріктірілген. Бұл платформа балалардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған заңнамалық нормалар мен деректерді біріктіреді.
ҚР Оқу-ағарту министрінің тапсырмасына сәйкес 22–26 қыркүйек аралығында Жамбыл облысында бала құқықтарын қорғау саласында әдістемелік көмек көрсету жөніндегі жұмыс тобы қызмет атқаруда. Жаңа оқу жылының басында өңірде орын алған қайғылы жағдайларға байланысты ұйымдастырылған бұл жұмыс педагогтерге қолдау көрсетуге, балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ құқық бұзушылықтың себептерін анықтау және ата-аналарға жеке кеңестер мен түсіндіру жұмыстары арқылы көмек көрсету міндеті көзделген.
Жұмыс тобы Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің жетекшілігімен құрылып, бес шағын топқа бөлінген 25 маманнан тұрады. Құрамына білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департамент өкілдері, өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл, «Өркен» балалардың әл-ауқаты арттыру институтының сарапшылары, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының мамандары, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ғалымдары, психологиялық қолдау орталықтарының директорлары мен тәжірибелі сарапшылар енеді.
Мамандар Тараз қаласы мен облыс аудандарындағы мектептерде болып, педагогтермен, оқушылармен және ата-аналармен кездесулер өткізіп, әлеуметтік-психологиялық ахуалды зерделеуде. Сондай-ақ мектеп директорлары, олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагог-психологтар мен әлеуметтік педагогтерге буллингтің алдын алу, деструктивті мінез-құлықты анықтау, ата-аналармен тиімді өзара іс-қимыл жасау және психологиялық-педагогикалық қолдаудың сапасын арттыру мәселелері бойынша семинарлар өткізілуде.
Министрдің тапсырмасына сәйкес аталған жұмыс ұзақ мерзімді әдістемелік қолдау форматында жалғасады. Іс-шаралар республикалық «ДосболLIKE» антибуллинг бағдарламасымен және «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасымен интеграцияланады.
Бүгінде елімізде қорғаншылық органдарының мамандарының саны 3,3 есеге, яғни 303-тен 1006-ға дейін артты. Бұл отбасыларға көрсетілетін көмектің ауқымын кеңейтуге, қолжетімділікті арттыруға және сүйемелдеудің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Жыл соңына дейін штаттық құрамды 1383 адамға дейін ұлғайту көзделуде.
2024 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік наградалар, білім беру және бала құқықтарын қорғау туралы» Заңымен алғаш рет нақты норма бекітілген болатын: енді әрбір 5 мың балаға бір маман қарастырылады.
Сондай-ақ өңірлерде қорғаншылық органдарының жұмысын үйлестіретін жаңа құрылымдар құрылуда. Мәселен, Ақтөбе облысында Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы ашылды. Алдағы уақытта осындай бөлімшелер Астана қаласында және Қостанай облысында іске қосылады.
«Жаңа штаттық норма Қазақстан үшін алғаш рет енгізіліп отыр және халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді. Бұл жергілікті деңгейде туындайтын мәселелерді жедел шешуге, сондай-ақ балалар мен олардың отбасыларына уақтылы көмек көрсетуге мүмкіндік береді», — деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі Бала құқықтары жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп қорғаншылық органдары қызметкерлеріне арналған семинар-тренинг өткізген болатын. Оның қорытындысы бойынша мамандарға әдістемелік ұсынымдар берілді, бүгінде олар іс жүзінде қолданыс табуда.
Жаңа оқу жылынан бастап пилоттық режимде Алматы облысы Талғар ауданындағы мектептер мен колледждерде құқықтық мәдениет сабақтары өтуде. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Заң және тәртіп» бастамасы аясында жүзеге асырылуда. Оған 10 мектеп пен 3 колледждің 7,5 мыңнан астам оқушысы қамтылды.
«Сабақтарды арнайы дайындықтан өткен бұрынғы құқық қорғау органдары мен прокуратура қызметкерлері – тәлімгерлер жүргізеді. Олар тек құқықбұзушылықтың алдын алумен ғана шектелмей, сондай-ақ тәуекел тобындағы жасөспірімдермен жеке жұмыс жүргізеді. Балалардың ерте жастан өз құқықтары мен міндеттерін түсініп, заңды құрметтеуді және жауапты шешім қабылдауды үйренуі аса маңызды», — деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.
Бағдарлама 36 сабақтан тұрады. Олар жас ерекшеліктеріне қарай үш топқа бөлінген: 7–8-сыныптар, 9–10-сыныптар және колледж студенттері. Әр топқа шынайы өмірлік жағдайларға негізделген, жасөспірімдердің психологиялық ерекшеліктерін ескеретін тоғыз тақырыптық сабақ әзірленді.
Оқу-әдістемелік материалдарды «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтының мамандары дайындады. Сабақтарда бала құқықтары мен міндеттері, мектептегі дезадаптация, буллинг пен кибербуллинг, үйден қашу және қаңғыбастық, вандализм, зорлық-зомбылық, психобелсенді заттарды қолдану және лудомания сияқты өзекті мәселелер қарастырылады.
Сабақтар оқу жылының бірінші және үшінші тоқсандарында екі аптада бір рет өткізіледі.
Елімізде Балалардың әл-ауқаты индексінің қорытындылары аясында ауқымды әлеуметтік зерттеу жүргізілді. Сауалнамаға балалар, ата-аналар және педагогтер қатысты.
Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, балалардың құқықтық қорғалуының орташа деңгейі 90,3%-ды құрады. Бұл олардың өз құқықтары туралы хабардарлығы жоғары екенін және өздерін қорғау тетіктерін қолдана алатынын көрсетеді.
Алдыңғы қатардан Қостанай облысы (94,5%), Маңғыстау облысы (93,5%) және Қызылорда облысы (93,1%) көрінді.
Маңызды көрсеткіштердің бірі – жасөспірімдердің өз өміріне қанағаттану деңгейі. Орта есеппен 10–18 жастағы балалардың 85%-ы өзінің әлеуметтік және психологиялық жағдайын оң бағалаған. Бұл бағытта ең жоғары нәтиже Қостанай облысында (90,1%), Шымкент қаласында (88,7%) және Қызылорда облысында (88,5%) тіркелді.
Зерттеу барысында отбасы ішіндегі сенім деңгейіне ерекше көңіл бөлінді. Нәтижесінде жасөспірімдердің 90,4%-ы ата-анасымен ашық сөйлесіп, ой-пікірін бөлісе алатынын көрсетті. Ең жоғары көрсеткіштер Ұлытау облысында (97,5%), Астана қаласында (95,3%) және Қостанай облысында (94,7%) байқалды.
«Балалар әл-ауқаты индексі – баланың денсаулығы, білімі, отбасы және әлеуметтік ортасын қамтитын маңызды көрсеткіш. Біздің мақсатымыз – ең алдымен балалардың өз үнін есту. Зерттеу нәтижелері олардың өздерін қауіпсіз сезінетінін, ата-анасымен жақсы қарым-қатынасын және болашағына сеніммен қарайтынын көрсетіп отыр», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.
Айта кетейік, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда Балалардың әл-ауқаты индексі тұрақты өсім көрсетіп, орташа республикалық көрсеткіш 2,5 пунктке артып, 58,6 балды құрады.
2025 жылдан бастап Қазақстанда жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды интернат ұйымдарына жолдау тәртібі өзгерді. Енді бала анықталған сәттен бастап қорғаншылық және қамқоршылық органдары оларды алдымен үш тәулікке дейін толық тексеруден өткізу үшін медициналық ұйымдарға уақытша орналастыруға міндетті.
«Бұл қадам баланың денсаулығын дер кезінде тексеруге, қажет болса медициналық көмек көрсетуге және заң аясында әрі қарайғы қолдауды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Ең бастысы – әрбір бала алғашқы күннен-ақ мемлекеттің қамқорлығы мен қолдауын сезінеді», – деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Депутаттардың бастамасы ҚР Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және медициналық қызмет көрсету туралы заң аясында Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің қолдауымен қабылданды.
Еске сала кетейік, бүгінде республикада жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 111 ұйым бар. Онда 3,6 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Сондай-ақ, 17 мыңнан астам жетім бала отбасылардың қамқорлығында өсіп жатыр.
Жаңа оқу жылының қарсаңында әлеуметтік осал санаттағы оқушылардың барлығы «Жалпыға бірдей білім беру қоры» аясында толық қамтылды. Жергілікті атқарушы органдардың деректеріне сәйкес ата-аналардың және заңды өкілдердің есепшоттарына мектеп формасын, аяқ киім мен оқу-құралдарын сатып алуға 25,3 млрд теңге аударылды.
500 мыңнан астам балаға қолдау көрсетілді. Оның ішінде — жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, аз қамтылған отбасылардың балалары, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар бар.
«Жалпыға бірдей білім беру қоры жыл сайын балалардың жаңа оқу жылына дайындалуына көмектеседі. Бұл ата-аналарға балаларын мектепке дайындауға мүмкіндік береді және әрбір оқушы үшін тең мүмкіндіктер жасайды. Айта кету керек, аталған қор — мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі», — деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.
Биылғы жылы бір балаға берілетін ең төменгі төлем мөлшері 46 228 теңгені құрайды. Сонымен қатар, мәслихаттардың шешімімен кейбір өңірлерде жоғарырақ көрсеткіштер белгіленген: Алматы қаласында — 55 000 теңге, Жамбыл облысында — 53 117 теңге, Павлодар облысында — 53 663 теңге.
Айта кетерлігі, 2023 жылдан бері материалдық көмектің көлемі бір балаға 17 мыңнан 46 мың теңгеге дейін 2,5 есеге артты.
Қазақстанда жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жеке қолдау көрсетуге бағытталған тәлімгерлік институты дамып келеді. Бүгінгі таңда республика бойынша 20 өңірде 360-тан астам азамат тәлімгер атанды.
Тәлімгерлік ақысыз негізде жүзеге асырылады және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан 10 жастан асқан балаларды қамтиды. Жобаның мақсаты – балалардың әлеуметтенуіне ықпал ету және оларды өз бетінше өмір сүруге дайындау.
Қазақстанда тәлімгерлерге міндетті сертификаттау тәртібі енгізілген. Тәлімгер болғысы келетін азаматтар тәлімгерлік ұйымдарында оқудан өтіп, біліктілігін растайтын сертификат алады. Міндетті оқыту тәлімгерлердің қажетті білім мен дағдыға ие болып, балаларға тиімді қолдау көрсетуіне мүмкіндік береді.
«Тәлімгер – бұл баланың жанынан табылып, оған жол көрсететін адам. Әркім тәлімгер бола бермейді. Бұл – үлкен жүрек пен адал ниетті, жауапкершілікті қажет ететін іс. Сол себепті біз оқыту мен сертификаттауды енгіздік. Балаларға шынымен қамқор бола алатын, сенімді адамдар ғана тәлімгер болуы тиіс», – деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Айта кетейік, тәлімгерлік институты Қазақстанда 2024 жылы заңнамалық түрде енгізілді.