
14 тамыз күні Семей қаласында “Жаңа халықтық конституцияның нормалары мен құндылықтары:адами капиталды дамыту-білім беру жүйесінің стратегиялық негізі”тақырыбында білім беру қызметкерлерінің тамыз конференциясы болды. Онда Абай облысының әкімі Берік Уәлиұлы құттықтау сөз сөйлеп, 2025-2026 оқу жылының қорытындысы бойынша білім саласындағы озық тәжірибелі қызметкерлерді және «Орта білім беретін үздік ұйым» байқауына қатысып, озық шыққан білім беру ұйымдарын марапаттады.
Нәтижесінде, Аягөз ауданының “ №5 жалпы орта білім беретін мектебі” КММ облыстық «Орта білім беретін үздік ұйым» байқауының жеңімпазы атанып (ГРАН ПРИ), облыс әкімінің тағайындаған 30 000 000 грантын ұтқаны растайтын сертификат иеленді.
Облыс көлемінде 322 , аудан көлемінде 39 білім беру ұйымы бар екенін ескерсек, бұл – мектеп ұжымы үшін айтулы жетістік, зор мәртебе әрі үлкен мақтаныш.Осы орайда білім ордасының заман талабына сай дамып, жаңашыл бағытта жұмыс жүргізуіне ұйытқы болып отырған білікті басшы, іскер көшбасшы Молдашева Лазат Турсыновна бастаған мектеп әкімшілігі мен ұстаздар қауымының қажырлы еңбегін ерекше атап өткен жөн.Ұжымның ауызбіршілігі мен кәсіби ізденісі, тың бастамаларға деген ұмтылысы осындай биік нәтижелерге жетелеп отырғаны сөзсіз.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2014 жылғы 26 желтоқсандағы № 544 бұйрығы негізінде «Орта білім беретін үздік ұйым» грантын иеленген Абай облысы білім басқармасының Аягөз ауданы білім бөлімінің « №5 жалпы орта білім беретін орта мектеп» КММ грантты білім беру ұйымының материалдық-техникалық жарақтандырылуын жақсартуға және білім беру процесін ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етуге жұмсайды.
Олай болса, осындай айтулы жетістікті сегіз жыл араға салып қайта жаңғыртып, биіктен көрінген мектеп ұжымын зор жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз! Қазақ баласының қабілеті мен дарынын шыңдап, білім көкжиегін кеңейтіп, ұлттық құндылықтар негізінде тәлім-тәрбие берудегі еселі еңбектеріңіз әрдайым жемісті болсын!Сіздердің әрбір жетістіктеріңіз – білім саласындағы үлкен белестің, қажырлы еңбектің және ауызбіршіліктің айғағы. Біз сіздермен мақтанамыз!Биік белестерді бағындырып, толағай табыстарға жете беріңіздер!