
Аймақ басшысы Берік Уәли Аягөз ауданына барып, аудан орталығындағы білім беру нысандарының тыныс-тіршілігімен танысты.
Әуелі облыс әкімі былтыр жеке инвесторлардың қаражаты есебінен салынған «Асыл Ана» балабақшасына барды. 100 орындық мектепке дейінгі білім беру мекемесі 4 топтан тұрады. Екі қабатты ғимараттың жалпы ауданы – 652,2 шаршы метр.
Мекемеде тәрбиеленушілерге қолайлы жағдай жасалған. Балалар күніне бес мезгіл тамақпен қамтамасыз етіліп, тәрбиелеу мен дамытуға қажетті барлық материалдық база қарастырылған.
Берік Уәли Кешірім Бозтаев атындағы қазақ мектеп-гимназиясының жұмысымен де танысты. Былтыр мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Нәтижесінде білім ордасының материалдық - техникалық базасы толық жаңартылды. Атап айтқанда, жаңа кабинеттер барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілді. Биология, химия, физика, информатика және STEM кабинеттері заманауи құралдармен қайта жабдықталды.