Қазақстанда әуе рейстерінің тұрақтылығы - 74%

Қазақстанда әуе рейстерінің тұрақтылығы - 74%

Кейінгі 4 айда елімізде әуе көлігімен тасымалданған жолаушылардың саны 38%-ға артып, 3,6 млн адамға (2022 жылы – 2,6 млн адам) жетті. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткізілген отандық авиацияны дамыту мәселелеріне арналған баспасөз жиынында айтылды.

Республикалық БАҚ-ның сұрақтарына ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев, Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің бас директоры Каталин Раду, сондай-ақ Air Astana, SCAT және Qazaq Air компанияларының өкілдері жауап берді.

Ведомство өкілдері айтқандай, қазір Қазақстанның әуе тасымалы нарығында жолаушылар ағыны толығымен қалпына келіп, тұрақты өсім байқалып келеді.

«Еліміздегі ұшу қауіпсіздігінің стандарттары 82%-ға тең. Бұл ТМД елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш, сондай-ақ орташа әлемдік өлшемнен 15%-ға және еуропалықтан 5%-ға жоғары. Яғни, Қазақстан Дания, Польша, Португалия сынды Еуропалық одақ елдерімен бір деңгейде тұр», деді Т.Ластаев.

Бұған дейін хабарланғандай, ішкі әуе тасымалдарын 5 қазақстандық компания жүзеге асырып келеді. Айталық, аптасына 56 әуе бағыты бойынша 706 рейс орындалып жүр.

Былтыр республика аумағында ұшу тұрақтылығы 74%-ды көрсетті. Еліміздің авиациялық билігі тұрақты әуе қатынасын нығайту үшін бірқатар шараны қолға алды. Мысалы, қолданыстағы заңға тасымалдаушылардың жауапкершілігін күшейтуге байланысты түзетулер енгізілді. Бұл ретте 2022-2023 жылдар кезеңінде жалпы сомасы 40 млн теңгеге әкімшілік айыппұл салынғанын айта кетейік. Сондай-ақ ұшу қарқындылығын еселеу үшін авиакомпаниялармен бірлесіп, ұшақтар паркін толықтыру жоспары іске асырылып жатыр.

Бұдан басқа жеке инвестициялар есебінен Шымкент, Қызылорда қалаларының әуежайларында жаңа жолаушылар терминалдарының құрылысы және Үкіметтің резервінен Қостанайдағы әуежайдың аэровокзалын жаңғырту жұмыстары жалғасып келеді.