Жолаушыларды, багажды әуе көлігімен тасымалдау қағидалары

Жолаушыларды, багажды әуе көлігімен тасымалдау қағидалары

Әуежайдан ұшып шығатын жолаушылардың тіркеуі ішкі рейстер үшін әуе кемесінің ұшқанға дейін 1,5 сағаттан кешіктірілмей және халықаралық рейстер үшін әуе кемесінің ұшқанға дейін 2 сағаттан кешіктірілмей (әуе кемесінің үлгісіне және жолаушылар санына байланысты) басталады және әуе кемесінің ұшуына дейін 40 минут бұрын аяқталады.

Тiркеу бойынша рәсiмдердi орындау үшiн жолаушы тіркелу үшін әуежайға әуе кемесі ұшқанға дейін 40 минуттан бұрын кешiкпей келеді. Тіркеу аяқталған уақытқа кешіккен жолаушылардың тіркеуі жүргізілмейді.

Ұшатын жолаушылардың билеттерiн тiркеу және багажын ресiмдеу операциялық залда немесе тiркеудiң басқа тәсілдері арқылы жүргiзiледi. Өзін-өзі тіркеу және багажды тіркеу тағаны ұшуға дейін 40 минут бұрын жабылады.

Жолаушыларға адамдармен байланысқа түспеу үшін мобильді тіркеуді және өзін-өзі тіркеу тағандарын (бар болса) пайдалану ұсынылады.

Багаж тiркелгеннен кейiн оның сақталуына әуе компания жауапты болады. Әуе компания, егер жүк чемодандарда, қораптарда, сөмкелерде немесе оның қауiпсiз тасымалдануын қамтамасыз ететiн басқа да орамдарда оралмаған болса, оны тiркелген багаж ретiнде қабылдамайды.

Тегін алып жүретін қол жүгі мен багаждың салмағын, габариттерін, нормаларын тасымалдаушы белгілейді. Тегiн тасымалдау нормасынан асатын мөлшердегi багажды тасымалдауға межелі пунктке дейін бүкіл тасымалдау үшін ақылы багаждың түбiртегi берiлген күнге қолданылатын тариф бойынша жөнелту пунктiнде төленедi.

Мүгедектер мен мүмкіндігі шектелген тұрғындардың тобына жататын жолаушылар өзімен қосымша жолжүгі ретінде жеке пайдалануына арналған зембілдер мен мүгедектік арбаларды тегін алып жүре алады.

Багажды жеткiзуде мерзімнің өткені үшiн әуе компания багажды алушыға мерзімі өткен әрбір тәулік үшін авиабилет құнының 10 пайызы, бiрақ жолаушының нақты тұрғылықты жері бойынша авиабилет құнының 50 пайызынан аспайтын мөлшерде айыппұл төлейдi.

Тасымалдаушының кінәсінен рейс орындалмаған немесе кідіртілген немесе әуе кемесінің кеш келуі, тасымалдау маршрутының өзгеруі салдарынан рейс кідірген, орындалмаған кезде тасымалдаушы жолаушылар үшін жөнелту пункттері мен аралық пункттерде мынадай қызметтерді ұйымдастырады:

- егер рейстiң жөнелтiлуiн екi сағаттан аса күткен кезде, тасымалдаушы салқындатылған сусындармен және ұзақтығы бес минуттан аспайтын екi телефон қоңырауын шалу, оның iшiнде халықаралық байланыс желiсi бойынша қоңырау шалу немесе электрондық пошта арқылы екi хабарлама жiберумен қамтамасыз етеді;

- егер рейстiң жөнелтiлуiн төрт сағаттан аса және әрi қарай күткен кезде тасымалдаушы ыстық тамақпен қамтамасыз етеді: күндізгі уақытта әрбір алты сағат сайын, түнгі уақытта әрбір сегіз сағат сайын;

- егер рейстiң ұшуын күндiзгi уақытта сегiз сағаттан аса және түнгi уақытта алты сағаттан аса күткен кезде әуекомпания ұсынған қонақ үйге орналастыруды және әуежайдан қонақ үйге дейін және кері трансферді ұйымдастырады;

- тасымалдаушының кiнәсінен рейс кейінге қолдырылған немесе он сағаттан астам мерзiмге кiдiртiлген жағдайда, жолаушының қалауы бойынша тасымалдаушы жолаушыны билетте көрсетiлген межелі пунктке дейін жақын арада ұшатын рейспен тасымалдауды қамтамасыз етеді немесе жолаушыға билеттің толық құнын қайтарады;

- әуе компанияның кiнәсынен жолаушыны тасымалдау кiдiртiлген кезде, егер әуе компания еңсерілмейтін күштің салдарынан болғанын дәлелдей алмаса, соңғысы жолаушыға әрбiр кiдiртiлген сағат үшiн билет (кiдiрiс болған ұшу учаскесiнде) құнының 3 пайызы мөлшерiнде (кідіріс орын алған ұшу участкесі) айыппұл төлейдi. Өндiрiп алынған айыппұл сомасы сатып алынған билет (кiдiрiс болған ұшу учаскесiнде) құнынан аспауы қажет.