ҚР ИИДМ осыдан екі жыл бұрын, яғни 2019 жылғы 27 желтоқсанда Алматы қаласының әуежайы аумағында Bek Air әуе компаниясының ішінде 93 жолаушысы және бес экипаж мүшесі бар Fokker 100 әуе кемесінің апатқа ұшырау фактісі бойынша комиссия құрды.
Қазақстан заңнамасына және Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) туралы конвенцияға авиациялық оқиғаларды тексеру саласындағы №13 қосымшаға сәйкес әуе апатын тексеруге Нидерланды Корольдігінің Қауіпсіздік жөніндегі бюросының және Мемлекетаралық авиация комитетінің уәкілетті өкілдері, Ұлыбритания Корольдігінің авиациялық оқиғаларды тексеру жөніндегі бөлімшесінің уәкілетті өкілі, сондай-ақ олардың кеңесшілері (Fokker-100 типті әуе кемесі сертификаты иесінің мамандары) "Fokker Services B. V" (Нидерланды Корольдігі) және "Rolls Royse" өндіруші-зауыттың (Ұлыбритания Корольдігі) маманы қатысты.
Апат себебін анықтауға бағытталған тексеруді кешіктіруге COVID-19 пандемиясына байланысты енгізілген локдаундар негізгі себеп болды. Бұл жағдай авиациялық оқиғаларды тексеру басқармасы мен тергеуге қатысқан шетелдік әріптестердің жұмысына айтарлықтай әсер етті. Нидерланды Корольдігінің Қауіпсіздік бюросы тек 2021 жылдың қазан айында комиссия бөлшектеген және оларға жіберілген әуе кемесінің тірек беттерінің элементтерін зерттеу нәтижелерін ұсынды.
Қазіргі уақытта тергеу аяқталып келеді. Комиссия барлық қажетті материалдар мен зерттеу нәтижелерін жинады. Тергеуге қатысушы барлық мүдделі мемлекеттерден қорытындылар алынып, есеп жобасы жасалды және келісілді.
Тексеру жөніндегі есеп жобасы ИКАО-ның №13 қосымшасына сәйкес тергеуге қатысқан мемлекеттерге келісуге және елеулі ескертулер болса ұсынуға жіберілді.
Ресми келісу мерзімі - 60 күнтізбелік күн.
Жақын арада ҚР ИИДМ келісу нәтижелерін алуды жоспарлап отыр. Осыдан кейін тергеу нәтижелері Министрліктің сайтында жарияланады.