ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен ҚР Энергетика министрлігі авиаотынмен қамтамасыз ету мәселелерін талқылады

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен ҚР Энергетика министрлігі авиаотынмен қамтамасыз ету мәселелерін талқылады

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пен ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев отандық әуежайлар, әуе компаниялары, "ҚазМұнайГаз", "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниялары басшыларының және авиаотынды жеткізуші ірі компаниялар өкілдерінің қатысуымен азаматтық авиация мұқтаждықтары үшін отынмен қамтамасыз етудің ағымдағы жағдайы бойынша бірлескен жұмыс кеңесін өткізді.

Жиын барысында ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті төрағасының, Эйр Астана, СКАТ, Qazaq Air әуе компанияларының, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары әуежайларының, "ҚазМұнайГаз" АҚ және "ҚТЖ ҰК" АҚ компаниялары басшыларының әуежайлардағы авиаотынның қалдықтары, жыл соңына дейін тұтыну және өндіру көлемдері, 2022 жылға арналған жоспарлар, келісімшарт жасалған көлемді жөнелту және отынды теміржол арқылы тасымалдау туралы баяндамалары тыңдалды.

Авиаотынды жеткізушілерге авиакәсіпорындар үшін отынды жедел жөнелту жөнінде шаралар қабылдау және өндірілетін көлемді түпкілікті тұтынушыларға уақтылы жеткізу қажеттігі туралы айтылды.

Отандық мұнай өңдеу зауыттарында авиаотынды өндіру көлемін жоспарлау мақсатында ұзақ мерзімді перспективада кәсіпорындарға 2030 жылға дейін отын тұтынудың болжамды жоспарларын ұсыну тапсырылды.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов әуе компаниялары мен әуежайларға алдағы мереке күндерін ескере отырып, жолаушыларды тұрақты тасымалдауды толық көлемде жүзеге асыруды тапсырды.    

ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев отандық мұнай өңдеу зауыттары өндіретін авиаотын көлемі жолаушылар тасымалын орындайтын әуе компанияларының қажеттіліктерін толығымен жабатынын атап өтті. Сонымен қатар, әуе тасымалдары нарығында жүк және транзиттік қызметтердің айтарлықтай өскені байқалады. Оларды қамтамасыз ету үшін авиаотынды импорттау қажет деді ҚР Энергетика министрі.