АҚКӨЛ ҚАЛАСЫНДАҒЫ БАЛАЛАР ҮЙІНІҢ ТӘРБИЕЛЕНУШІЛЕРІ ҮШІН ЖАҢА ЖЫЛДЫҚ МЕРЕКЕ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

АҚКӨЛ ҚАЛАСЫНДАҒЫ БАЛАЛАР ҮЙІНІҢ ТӘРБИЕЛЕНУШІЛЕРІ ҮШІН ЖАҢА ЖЫЛДЫҚ МЕРЕКЕ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Жаңа жыл қарсаңында ҚР ИДМ «NADLoC» жергілікті қамтуды дамыту Ұлттық Агенттігі» АҚ «Нұр Отан» партиясының «Дүние» бастауыш партия ұйымымен бірлесіп, «Ақкөл қаласы №1 Балалар үйі» мемлекеттік коммуналдық мекемесіндегі 97 балаға арнап, жаңа жылдық мереке ұйымдастырды.

Балаларды жаңа жыл мерекесімен құттықтау барысында олардың керемет қуанышқа бөленгенін аңғармау мүмкін емес. Балалар ертегі кейіпкерлерін қуанышпен қарсы алды.  Аяз ата мен Ақшақарға тақпақтарын айтып беріп, ұйымдастырылған түрлі байқаулар мен ойындарға белсене атсалысты. Мереке соңында балаларға жаңа жылдық сыйлықтар табысталды.

Жыл сайын  «NADLoC» АҚ қызметкерлерінің бастамасымен жаңа жылдық мерекені ұйымдастыру дәстүрі қалыптасқан.

«Бұл күн біз үшін ерекше. Өйткені, жаңа жылды атап өту үшін тағы бас қосып отырмыз. Бұл балалар үйімен тығыз қарым-қатынаста болып, араласып келе жатқанымызға біраз жыл болды. Әрқашан сағынысып қауышамыз.  Біз осы жерде отырған әр бала келесі жаңа жылды өз отбасыларымен қарсы алғанын тілейміз»,-деп атап өтті «NADLoC» АҚ төрағасының орынбасары Айгүл Закирьянова.