Үкімет ұлттық даму жобаларын бекітті

Үкімет ұлттық даму жобаларын бекітті

ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Ұлттық жобалар қаралды. Оларды 2021 жылғы 24 қыркүйекте Мемлекет басшысы Реформалар жөніндегі жоғары кеңес отырысында тұжырымдамалық түрде мақұлдады. 

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобаларға көшуді қамтамасыз етуді тапсырды. Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесін іске асыру аясында үлкен жұмыс атқарылды", - деді А.Мамин. 

"Орнықты экономикалық өсу", "Кәсіпкерлікті дамыту", "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобалары, Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба, "Жасыл Қазақстан", "Цифрландыру, инновациялар және ғылым арқылы технологиялық серпіліс", "Сапалы білім "Білімді ұлт", "Әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау "Дені сау ұлт", "Рухани жаңғыру" жобалары биыл қабылданған жалпыұлттық басымдықтарды, ұлттық даму жоспары мен ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асыру мақсатында әзірленді.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі - "Nur Otan" партиясының жол картасында көзделген "Қазақстандықтардың әл-ауқатына бағытталған орнықты экономикалық өсу" және "Қуатты өңірлер - ел дамуының драйвері" атты екі ұлттық жобаның әзірлеушілерінің бірі.

"Қазақстандықтардың әл-ауқатына бағытталған тұрақты экономикалық өсім" ұлттық жобасы бойынша ҚР ИИДМ "Индустриялық-инновациялық даму" бағытына жауап береді.

Ұлттық жобада мынадай негізгі міндеттер көзделген:

* кәсіпорындарды технологиялық жаңғырту;

* өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемін ұлғайту.

Мынадай индикаторлар қарастырылған:

  • Еңбек өнімділігін 2025 жылға қарай 2019 жылғы деңгейден 38,9% арттыру;
  • 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібі көлемін 1,5 есеге ұлғайту;
  • негізгі капиталға 11,2 трлн теңге жеке инвестициялар тарту;
  • өңдеу өнеркәсібінің жалпы қосылған құнын 15 трлн теңгеге жеткізу.

Ұлттық жобада арнайы экономикалық аумақтар мен индустриялық аумақтарды дамыту, шетелдік инвесторларды тарту, еңбек өнімділігін арттыру бойынша жобаларды қолдау, оларды іске асыруды лизингтік қаржыландыру қарастырылған.

         Мақсат - қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсім, 100,3 мың жаңа тұрақты жұмыс орнын ашу.

Іске асыруға жұмсалатын шығыстардың жалпы сомасы - 264,3 млрд теңге.

"Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасы бойынша ҚР ИИДМ "Көліктік байланысты қамтамасыз ету" және "Базалық қызметтерге тең қолжетімділік" бағыттарына жауап береді. 

Көліктік байланысты қамтамасыз ету

Ұлттық жобада мынадай негізгі міндеттер айқындалған: ел өңірлерін автомобиль, теміржол, әуежай инфрақұрылымымен дамыту және олардың арасындағы көлік байланыстарын, ішкі су көлігін дамыту.

Мынадай индикаторлар қарастырылған:

  • Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын нормативтік жағдайға - 100%, жергілікті жолдарды - 95% жеткізу;
  • ҚР аумағы арқылы өтетін транзиттік жүк ағынын 2025 жылға қарай 30 млн тоннаға дейін ұлғайту;
  • Қазақстанның ДЭФ ЖБИ-дегі "Инфрақұрылым" көрсеткіші бойынша және Дүниежүзілік Банктің "Логистика тиімділігі" (LPI) көрсеткіші бойынша рейтингтерін жақсарту.

Ұлттық жобада автомобиль жолдарын, теміржол және әуежай инфрақұрылымын салу және реконструкциялау, жол бойындағы сервис объектілері санын ұлғайту, арнайы флоттың жаңа кемелерін сатып алу көзделген.

Іске асыруға жұмсалатын шығыстардың жалпы сомасы – 3,6 трлн теңге (РБ – 1,7 трлн теңге, ЖБ – 544 млрд теңге, ЖС-1,4 трлн теңге).

Базалық қызметтерге тең қолжетімділік

Ұлттық жобаның негізгі міндеттері:

* халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету,

* ауыз сумен қамтамасыз ету,

* тұрғын үй қорын жаңарту.

Мынадай индикаторлар қарастырылған:

  • 977,1 мың адамның баспана жағдайын жақсарту;
  • қалалар мен ауылдарда сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділікті 100% қамтамасыз ету;
  • қалалардағы ағынды суларды тазартудың жоғары деңгейі;
  • жалпы үйдің жылу және су есептегіш құралдарымен толық қамтамасыз етілуі;
  • тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту жобалары бойынша 50 мың жұмыс орнын құру және сақтау.

Іске асыруға жұмсалатын шығыстардың жалпы сомасы – 3,9 трлн теңге (РБ – 2,3 трлн теңге, ЖБ-0,2 трлн теңге). теңге, барлығы-1,4 трлн теңге).