Авиация мамандарын даярлауда Литвамен ынтымақтастық орнату туралы

Авиация мамандарын даярлауда Литвамен ынтымақтастық орнату туралы

ҚР ИИДМ-де Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Литва Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Гинтаус Васюлиспен және осы елдің бизнес өкілдерімен кездесті.

Кездесуде Қазақстан-Литва көлік ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен перспективаларын талқыланды. Оның ішінде ҚР Азаматтық авиация академиясы (Академия) мен "Avia Solutions Group" мультисервистік авиациялық холдингі арасында оқу орталығын құру, сондай-ақ Академияны ұшқыштарды оқыту бойынша Еуропалық әуе қауіпсіздігі агенттігінің (EASA) сертификатын алуға дайындау мәселелері қаралды.

"ИКАО және EASA заманауи талаптарына сай келетін білікті ұшқыштарды даярлау - еліміздің авиация саласының басым міндеті. Қазіргі заманғы авиасимуляторларда олардың дағдыларын жетілдіру шұғыл жағдайларда жедел шешім қабылдауын жақсартады. Бұл ұшу қауіпсіздігіне сөзсіз оң әсер етеді", - деп атап өтті министр Б.Атамқұлов.

Қазіргі уақытта Қазақстанның азаматтық авиациясында 20 мыңнан астам қызметкер, оның ішінде 1500-ге жуық ұшқыш және екі мыңнан астам инженерлік-техникалық маман жұмыс істейді. Салалық болжамдар бойынша, 2025 жылға дейін елімізге қосымша 500-дей ұшқыш, 1 мыңға тарта инженер қажет болады.

Анықтама:

Avia Solution Group - бүкіл әлем бойынша 100-ге жуық кеңсесі мен өндірістік алаңдары бар жаһандық аэроғарыштық бизнес-топ.
BAA Training (бұрынғы Baltic Aviation Academy және Avia Solution Group еншілес компаниясы) - штаб-пәтері Литваның Вильнюс қаласында орналасқан, әлем бойынша жұмыс істейтін тәуелсіз авиациялық оқу орталығы. 96 елдің әуе компаниялары - BAA Training клиенттері.

Білім беру ұйымы (АТО) ретінде сертификатталған BAA Training ұшақтар мен тікұшақтардың ұшқыштарын және әуе кемелерінің түрлері бойынша бортсеріктер, жерде қызмет көрсететін мамандарды даярлайды. Ұшу диспетчерлерін оқытады. Компанияның Литвада, Испанияда, Қытайда және Вьетнамда 4 ірі оқу орталығы бар және жыл сайын 14 ұшақ түріне 1000-ға жуық авиация мамандарын даярлай алады.