Қазақстанның авиациялық әкімшілігі мен Ресейдің Федералдық әуе көлігі агенттігі ұшуға жарамдылық саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды

Қазақстанның авиациялық әкімшілігі мен Ресейдің Федералдық әуе көлігі агенттігі ұшуға жарамдылық саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды

Қазақстанның авиациялық әкімшілігі "МАКС-2021" халықаралық әуе-ғарыш салонына қатысуда. Биыл Қазақстан Ресейдің шақыруымен әріптес ел ретінде болды.

Бүгін көрме аясында "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ мен Ресей Федерациясының Әуе көлігі федералды агенттігі арасында ұшуға жарамдылық саласындағы ынтымақтастық туралы жұмыс келісіміне қол қойылды.

Келісім мәні ұшу жарамдылығы сертификаттарын, әуе техникаларының бөліктері мен жиынтықтауыштарын, оның ішінде ұшқышсыз әуе жүйелерін бағалауды, сынауды және тексеруді қайталамай-ақ пайдалануға рұқсат беру және үлгі сертификаттарын тану тәртібін оңайлатуға саяды. Жұмыс келісімі азаматтық әуе техникасының үлгілік конструкциясын, модификацияларды мақұлдау үшін келісілген тәсілдерді қолдануға, әуе техникалары мен компоненттерін жөндеуді дамытуға, сондай-ақ ұшуға жарамдылық және ұшу қауіпсіздігі саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

Қол қою рәсіміне ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, РФ Өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары Олег Бочаров, РФ Федералдық әуе көлігі агенттігінің және Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің басшылығы қатысты. Тараптар мекемелер деңгейіндегі ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтіп, оны одан әрі дамыту мен нығайтуға өзара мүдделілік білдірді.

Қазақстандық кәсіпорындар "МАКС-2021" халықаралық әуе-ғарыш салонында әскери және азаматтық авиация саласындағы өнімдерін ұсынды. Ұшу аппараттарының, жауынгерлік кешендердің және сынақ қондырғылардың тәжірибелік үлгілері қойылды. Қазақстан көрменің тең ұйымдастырушысы болып, салон алаңына 20-дан астам отандық әуе өнеркәсібі кәсіпорындары қатысты. Стратегиялық міндет - өндірісін дамыту, ел ішінде оқшауландыру және әзірлемелерін сыртқы нарықтарға шығару. Қазақстан тарапы әлеуетті серіктестермен кездесулерді, сондай-ақ ынтымақтастық туралы бірқатар шарттар мен меморандумдарға қол қоюды жоспарлады.

"МАКС-2021" он бесінші халықаралық әуе-ғарыш салоны Мәскеу маңындағы Жуковский қаласында 2021 жылдың 21-25 шілдесі аралығында өтуде. Онда Ресейдің әуе-ғарыш кешені жетістіктерінің көрмесі және әлемнің жетекші елдерінің жаңа әуе техникаларының жәрмеңкесі ашылды.