МАКС-2021: Қазақстан салон жұмысына қатысты

МАКС-2021: Қазақстан салон жұмысына қатысты

"Байкал" көп мақсатты жеңіл ұшағын жасау жобасындағы Қазақстан-Ресей кооперациясы МАКС-2021 халықаралық әуе ғарыш салонының басты оқиғаларының бірі болды. «Байкал» көпфункционалды ұшағы әлемге әйгілі, бірақ ескірген АН-2 ұшағын ауыстыруға арналған.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пен РФ Өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары Олег Бочаровтың қатысуымен "Қазақстандық авиациялық индустрия" ЖШС-нің (ҚАИ) "Орал азаматтық авиация зауыты" АҚ еншілес компаниясы "Байкал-инжиниринг" ЖШҚ-ға қатысу үлесін сатып алуы туралы келісімшартқа қол қойылды.

Қазақстан тарапы жобаға 1 млрд рубль көлемінде инвестиция салып, жобадағы миноритарлық үлеске ие болады және осы ұшақтарды өндіруге лицензия алады.

Келісім 2024 жылдан бастап ҚАИ базасында "Байкал" түріндегі ұшақтар өндірісін ұйымдастыруды көздейді. Өндірістің есептік қуаты - жылына 30-50 ұшақ. Қазақстандық кәсіпорын үшінші елдерге арнап экспорттық нұсқада "Байкал" ұшақтарын лицензиялық өндіру құқығына ие болды.

 

Ресей Қазақстанмен әуе құрылысы және ғарыш саласында өзара іс-қимылды арттырады

 

Бұл туралы "МАКС-2021" халықаралық әуе-ғарыш салонының ашылуы барысында РФ Президенті Владимир Путин мәлімдеді. Ресей басшысы Қазақстан биыл әуе салонының әріптес елі ретінде әрекет ететінін атап өтті.

"Біз қазақстандық әріптестерімізбен және Еуразиялық экономикалық одақтың басқа да қатысушыларымен әуе құрылысы сияқты жоғары технологиялық салада өзара іс-қимылды арттыруға ниетеніп отырмыз. Кәсіпорындарымыз бірқатар перспективалық жобаларды іске асырып жатыр. Мәселен, Қазақстанда МИ тікұшақтары жиналады, Роскосмос желісі бойынша "Бәйтерек" бірлескен жобасы іске асырылуда. Оның мақсаты - экологиялық таза зымырантасығыштың көмегімен аты аңызға айналған "Байқоңыр" ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшыру үшін ұйымдық-техникалық құрылым құру", - деді Ресей Президенті.

 

Мәскеу маңындағы Жуковскийдегі халықаралық әуе-ғарыш салоны - әлемдегі ең танымал көрме оқиғалары мен әуе-ғарыш кешені жетістіктерінің бірі. МАКС-2021-ге 140 мыңнан астам маман, сондай-ақ 570 мыңнан астам қатысушы мен қонақ жиналды.

"МАКС-2021" көрмесіндегі қазақстандық әуе және ғарыш өнеркәсібі павильонына әуе техникасы мен жинақтауыштарды өндіруге мамандандырылған жетекші өндірістік кәсіпорындар: "Қазақстандық авиациялық индустрия" ЖШС, "Еврокоптер Қазақстан инжиниринг" ЖШС, "Қазақстан Аселсан инжиниринг" ЖШС, "Қазақстан Ғарыш Сапары" ҰК" АҚ, "Бәйтерек" БК" АҚ, "Тыныс" АҚ, "№ 405 АРЗ" АҚ", "811 автожөндеу зауыты" АҚ, "Қазаэронавигация" РМК және басқалары қатысты.

 

Қазақстандықтар МАКС-2021 байқауында не ұсынды?

 

"405 АРЗ" АҚ мен "Қазақстан ASELSAN инжиниринг" ЖШС бірлескен жобасы - Ми-17 тікұшағын сенімді навигация мен тактикалық бақылауға арналған авиониканың бірегей жоғары технологиялық жүйесі. Борттық компьютер бірден авиониканы жаңарту бойынша бірнеше бірегей бағдарламаны, қолдау көрсетілетін байланыс стандарттарының кең ауқымын, сондай-ақ қос резервтеу жүйесін пайдаланады. Компьютерлердің біреуі істен шыққан жағдайда екіншісі миссияны қолдау бойынша барлық функцияларды орындайды. Борттық жүйенің ақпараты мен жадын өңдеу көлемі тікұшақтар үшін де, қанаттары қозғалмайтын ұшақтар үшін де оңай икемделеді.

"Kazakhstan Gharysh Sapary" ҰК жерді қашықтықтан зондтау, дәлдігі жоғары спутниктік навигация және ғарыш техникасын шығарудағы өз мүмкіндіктерін көрсетті. МАКС-2021 қатысушыларына геоақпараттық жүйелер құру, геосервис және навигациялық қызметтердің кең ауқымы ұсынылды.

Сондай-ақ, "Қазақстан Инжиниринг" ҰК" АҚ еншілес кәсіпорындары ұшқышсыз ұшатын аппараттарын (ҰҰА), өзге де ұшқышсыз жүйелерді, квадрокоптерлерді, сондай-ақ әуе нысанасын имитациялауға арналған жоғары жылдамдықтағы ұшқышсыз нысаналарды ("Игла" ЖЗЗК және "Стрела-10" БМЗЗК), әуе шабуылына қарсы және зымыранға қарсы қорғаныс әскерлерін оқыту мен жаттықтыруға арналған әзірлемелерін көрсетті. ҰҰА бойынша ҚАИ цехы - бүкіл Орталық Азиядағы ең заманауи цехтардың бірі екенін айта кету керек.

«Еурокоптер Қазақстан Инжиниринг" ЖШС (ЕҚИ) жаңа EC-145 тікұшағының макетін ұсынды. Кәсіпорын, сондай-ақ, екі қозғалтқышты Н-145 тікұшақтарын, бір қозғалтқышты Н-130 және Н-125 тікұшақтарын ірі торапты құрастырумен, оларға техникалық қызмет көрсетумен және жөндеумен және ұшу-техникалық құрамын оқытумен айналысады.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитеті "Союз-5" зымыран-тасығышының және Нұр-Сұлтан қаласында салынған Ғарыш аппараттарының құрастыру-сынау кешені (ҒА ҚСК) макетін шығарды. ҒА ҚСК 6 тоннаға дейінгі ғарыш аппараттарын және олардың құрастырушыларын жобалау, дайындау, құрастыру және сынау үшін технологиялық және өндірістік база екенін атап өткен жөн.

 

Келісімдер мен уағдаластықтар

 

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов жетекшілік еткен Қазақстан делегациясының МАКС-2021 көрмесіндегі жұмысы өте мазмұнды және нәтижелі болды.

Қазақстанның авиациялық әкімшілігі және Росавиация арасында ұшу жарамдылығы бойынша жұмыс келісіміне қол қойылды.

Келісім ұшу жарамдылығы сертификаттарын, үлгілік сертификаттарды және/немесе әуе техникасының бөлшектері мен жиынтықтауыштарын, оның ішінде ұшқышсыз әуе жүйелерін бағалауды, сынауды және тексеруді қайталамай пайдалануға рұқсат беру тәртібін оңайлатуға бағытталған.

Келісім өзгерістерді, модификацияларды өзара мақұлдауға, әуе техникаларын және оның жинақтауыштарын жөндеуді дамытуға, сондай-ақ азаматтық әуе техникасының үлгілік конструкциясын мақұлдаудың (валидациялаудың) оңайлатылған тәртібі үшін қолайлы жағдайлар жасауды көздейді.

Сондай-ақ, "Жуковский атындағы институт" ҒЗО-мен ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісім жасалды. Профессор Н.Е. Жуковский атындағы Орталық аэрогидродинамикалық институт (ОАГИ) қазақстандық "ҚАИ" ЖШС-мен келісімге қол қойды. Бірлескен қызмет бағыттары ішінде "ОАГИ" ФГУП ғылыми-сынақ базасын пайдалана отырып, зерттеу жобаларына, ұшқышсыз ұшатын аппараттарды (ҰҰА), ұшу тренажерларын әзірлеуге қатысу бар.

"Kazakhstan Gharysh Sapary" ұлттық компаниясы Авиациялық ғылым орталығымен ғарыш саласында бірлескен Қазақстан-Ресей бағдарламалары туралы келісім жасасты.

"Роскосмос" МК, "Рособоронэкспорт" АҚ, ФСВТС, "Алмаз-Антей" әуе шабуылына қарсы қорғаныс концерні" ААҚ және "Ресей тікұшақтары" АҚ басшылығымен ғарыш саласындағы және қорғаныс-өнеркәсіп кешеніндегі ынтымақтастық мәселелері бойынша жұмыс кездесулері өтті.

Сонымен қатар, министр Бейбіт Атамқұлов Airbus тобының Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия елдеріндегі вице-президенті Жак Гарригпен келіссөздер жүргізді

Кездесулердің барлық қатысушылары Қазақстан басшылығының екіжақты қарым-қатынастар мен өнеркәсіптік кооперацияны дамытудағы зор еңбегін атап өтті.