Тәжікстанмен арадағы әуе рейстерін қайта ашу туралы

Тәжікстанмен арадағы әуе рейстерін қайта ашу туралы

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Е.Л. Тоғжановтың төрағалығымен өткен Қазақстан Республикасы аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 2021 жылғы 2 наурыздағы шешіміне сәйкес Алматы-Душанбе-Алматы бағытында Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы тұрақты рейстерді қайта ашуға рұқсат етілді.

Тәжікстанда Covid-19 инфекциясының таралуын болдырмау жөніндегі індетке қарсы іс-шараларды күшейту жөніндегі республикалық штабтың шешіміне байланысты бастапқы кезеңде рейстер әр тараптан аптасына 1 рейстен ғана орындалады.

2021 жылғы 14 наурыздан бастап "Эйр Астана" әуе компаниясы Алматы мен Душанбе қалалары арасында аптасына 1 рет (жексенбі күндері) тұрақты рейс орындауды жоспарлап отыр.

Ал Тәжікстан жағынан Алматы мен Душанбе қалалары арасында тұрақты әуе қатынасын 2021 жылғы 18 наурыздан "Somon Air" әуе компаниясы аптасына 1 рейспен (бейсенбі күндері) қайта бастайды деп жоспарланып отыр.

Рейстер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуе компанияларының сайттарында жарияланған кестеге сәйкес орындалады.