Атырау облысында химия өнеркәсібі өнімдерінің көлемі үш айда 47,7 млрд теңгені құрап, 17,7%-ға өсті

Атырау облысында химия өнеркәсібі өнімдерінің көлемі үш айда 47,7 млрд теңгені құрап, 17,7%-ға өсті

5 мамырда ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен химия және мұнай-химия саласын дамыту туралы Үкімет отырысы өтті. Жиында Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов саладағы негізгі жобалар мен жетістіктер туралы баяндады.

Аймақ басшысының айтуынша, арнайы экономикалық аймақта төрт ірі жоба іске асырылып жатыр:

• KPI зауыты үш айда 97,8 мың тонна полипропилен өндірді. Жыл аяғына дейін зауыт 500 мың тонна толық жылдық қуатқа шығады деп күтіліп отыр. Былтыр мұнда 249 мың тонна өнім шығарылды.
• «Силлено» полиэтилен өндіру зауытының құрылысы басталды. Жоба құны — 3,6 трлн теңге, қуаты — 1,25 млн тонна. Зауыт 2029 жылы іске қосылып, 800 жұмыс орны ашылады.
• Бутадиен және одан шығарылатын өнімдер зауыты — «Татнефть» компаниясымен бірлескен жоба. Құрылысы 2025 жылдың екінші жартысында басталады. Құны — 408,4 млрд теңге, қуаты — 388 мың тонна. Іске қосылу мерзімі — 2027 жыл, құрылатын жұмыс орны — 800.
• Терефтал қышқылы мен полиэтилентерефталат өндіру зауыты — стратегиялық серіктес іздестірілуде. Жоба құны — 720 млрд теңге, қуаты — 620 мың тонна, іске қосу мерзімі — 2028 жыл, 800 жұмыс орны ашылады.

Биылғы үш айда облыстың химия өнеркәсібіндегі өнім көлемі 47,7 млрд теңгені құрап, осы кезеңдегі былтырғы көрсеткіштен 17,7%-ға артты (2024 жыл — 5,9 млрд теңге).

Полипропиленді қайта өңдеуге негізделген бірнеше өндіріс іске қосылып, 400-ден астам жұмыс орны ашылды. Олар:

• экструзиялық геосинтетикалық пленкалар (Intago ЖШС);
• медициналық шприцтер (MedStarExport ЖШС);
• тұрмыстық ыдыс-аяқ (Turan Plast West ЖШС);
• полипропилен және полиэтилен қаптар (Kazchem ЖШС, Grand Materik ЖШС).

Бұдан бөлек, стрейч-худ пленкасы, штапельді талшық, геотекстиль, геомембрана, геотор, пластик паллеттер мен канистрлер шығаратын жобалар жүзеге асырылуда. Бұл 500-дей жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Серік Шәпкеновтің айтуынша, жыл сайын жаңа әріптестік байланыс орнатуға және өткізу нарығын кеңейтуге бағытталған мұнай-газ химия өнімдерін өндірушілер форумы ұйымдастырылып келеді.

Отандық полипропиленді қайта өңдеуді дамыту мақсатында «Форсаж» бағдарламасы енгізілді. Ол шикізатты жеңілдетілген бағамен сатып алуға мүмкіндік береді. Бұл бағдарлама аясында KPI мен елдің 15 өңіріндегі 114 кәсіпорын арасында келісім жасалды. Олардың қатарында Шымкенттегі кілем шығару, Қызылорда облысындағы қорғаныс каскаларын жасау, Қостанай облысындағы өнеркәсіптік сүзгілер шығару, Ақмола облысындағы Big Bag қап шығару кәсіпорындары бар.

Облыс әкімі сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, Атырау облысында жеке индустриялық аймақ құру мәселесі пысықталып жатқанын айтты. Қытайлық инвестор Eurasia Construction Capital үшін 200 гектар жер телімі бөлінген. Сонымен қатар, Татарстанның «Химград» технополисінің операторымен де келіссөздер жүріп жатыр.