Халықаралық Ondeu Expо көрмесінде Атыраудың өнеркәсіптік әлеуеті таныстырылды

Халықаралық Ondeu Expо көрмесінде Атыраудың өнеркәсіптік әлеуеті таныстырылды

Астана қаласында өткен көрмеге 20 мемлекеттен 1500-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында Үкімет мүшелері, халықаралық бизнес өкілдері және ірі өнеркәсіп компанияларының басшылары бар,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Көрмеге ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов қатысып, машина жасау және металл өңдеу бойынша VI Халықаралық арнайы көрмеде индустрия көшбасшыларының жетістіктерімен танысты.

Үкімет басшысына Атырау облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Данияр Орынбасаров өңірдің өнеркәсіп саласындағы негізгі даму бағыттары мен жеткен жетістіктерін таныстырды.

Экспозицияда еліміздің мұнай-химия саласындағы ірі инвестициялық жобалардың бірі Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. (KPI) зауытының қызметіне айрықша назар аударылды.

Атырау облысының Ondeu Expo халықаралық көрмесіне қатысуы өңірдің өндірістік әлеуетін кеңінен таныстыруға, жаңа іскерлік байланыстар орнатуға, сондай-ақ Атырау облысының инвестициялық мүмкіндіктерін халықаралық деңгейде ілгерілетуге жол ашты.

Анықтама: Атырау облысында өңдеу өнеркәсібімен айналысатын 375 кәсіпорын бар. Биыл үш айда өңдеу өнеркәсiбiнің көлемi 232,9 млрд. теңгені құрады, НКИ –114,4%.