Атырауда тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру барысы талқыланды

Атырауда тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру барысы талқыланды

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен Атырау қаласының тұрғын үй қорын жаңарту мәселелеріне арналған жұмыс кеңесі өтті. Жиынға тұрғын үй құрылыс компанияларының өкілдері мен уәкілетті органдардың басшылары қатысты,- деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Қала әкімінің мәжілісте жариялаған ақпаратына сәйкес облыс орталығының аумағындағы жаңғырту бағдарламасы аясында көпқабатты 225 үйді сүріп, 3395 пәтердің тұрғындарын қоныстандыру жоспарланған. Оның ішінде 69 нысан апатты тұрғын үй санатына жатқызылды. 2023-2025 жылдар аралығында көпқабатты 12 үйден 154 пәтер көшірілді.

Қала әкімі Шәкір Кейкин жобаны жүзеге асыруға жүйелі түрде қарау үшін тұрғын үй аумақтарын шартты түрде бес негізгі аймаққа бөлуді ұсынды. Оларға: Мұса Баймұханов көшесі, Орталық шағын ауданы және Азаттық даңғылы, Тұрғындар қалашығы, Азаттық-Мұхтар Әуезов даңғылы, сондай-ақ Балықшы шағын ауданы кірді. Ең апатты жағдайдағы үйлер С.Датов, М.Баймұханов, Ғ.Қожақаев, А.Стахановцев көшелері мен Азаттық, М.Әуезов, Бейбітшілік даңғылдарының бойында орналасқан. Басым бөлігі — қосқабатты 16 пәтерлі үйлер. Қала басшысының айтуынша, жаңа тұрғын үй кешендерінің салынуы жайлы әрі заманауи баспанамен қамтамасыз етіп қана қоймай, қаланың сәулетін арттырып, шағын және орта бизнесті дамытуға ықпал етеді.

Талқылау барысында құрылыс ұйымдарының өкілдері жер телімдерін беру және қайтару, инфрақұрылым мен жерасты коммуникацияларын беру немесе сақтауға қатысты бірқатар мәселені көтерді.

Жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыруды жеделдету мақсатында облыс әкімі мемлекет пен құрылысшылар арасындағы тең жауапкершілік тетігінің бастамасын көтерді: әкімдік ескі ғимараттарды бұзу және жер телімдерін дайындау жұмыстарын өз мойнына алса, құрылыс жұмысын атқаратындар салынған бюджет қаражатын жаңа тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлерді кейіннен тұрғын үй алуға кезекте тұрған азаматтарға беру арқылы өтейді. Серік Шәпкенов әкімдік, тұрғын үй иесі және құрылыс компаниясы арасында үш жақты келісім-шарт жасалуын, жөндеу жұмыстарын жеделдетіп жүзеге асыру үшін арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Оның аясында үйлері сүрілетін тұрғындар уақытша баспанамен қамтылуы тиіс.

- Ескі үйлердің орнына жай ғана жаңа ғимараттар емес, заманауи архитектуралық тұжырымдамасы бар, ауласы абаттандырылған, әлеуметтік инфрақұрылымы қамтылған тұрғын үй кешендері салынуы тиіс. Жоспарлауға ерекше мән беріп, тығыз салынған «құмырсқа ұясы» тәрізді ғимараттардан аулақ болу қажет. Өз үйінің орнына қайта оралғысы келетін тұрғындарға құрылыс кезінде уақытша баспана қарастырылуы керек, - деді аймақ басшысы.


Жиын соңында аймақ басшысы қала әкімдігіне жер телімдерін жеделдетіп алып қою және жаңарту бағдарламасына енгізілген нысандарды мемлекет меншігіне қайтару бойынша нақты жоспар құруды, сондай-ақ қаланың заманауи сәулеттік келбетін қалыптастыру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.