Спектакльді қазақ театры мен киноөнерінің мақтанышы, ҚР Еңбек ері, ғұмыры өнермен өрнектелген Асанәлі Әшімов құрған «Жаңа ғасыр» театры қойды. Іс-шараға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов қатысты. Бұл туралы облыс әкімнің баспасөз қызметі хабарлайды.
Қойылым өнер саңлағының өмірі мен шығармашылығынан сыр шертеді. Сахна шахмат тақтасымен безендіріліп, әртістің ғұмыр жолы ала жолақта көрініс тапты. Спектакль аяқталғаннан кейін Серік Шәпкенов Асанәлі Әшімовтың қазақ өнерінің өркендеуіне қосқан үлесіне тоқталып, жас театрға шығармашылық табыс тіледі.
«Бүгінгі спектакль арқылы ағамыздың басынан өткен түрлі оқиға мен сол кездегі күйін көрдік. Қанша уақыт өтседе , қандай жақса келсе де, Асанәлі ағамыз үйренуден жалықпайтын, үйретуден аянбайтын тұлға екенін дәлелдеп келеді. Өнер десек, Асанәлі Әшімовты еске түсіреміз. Сіздің отбасыңызға амандық, жас әртістерге шығармашылық табыс, тың бастама тілеймін!» деді облыс әкімі Серік Шәпкенов.
Еске сала кетейік, өңірге арнайы келген Асанәлі Әшімов Атырау жастар театрының саябағына ағаш отырғызу шарасына да қатысты.
Жалпы «Жаңа ғасыр» театры облысқа 20-24 сәуірге арналған гастрольдік бағдарламасымен келді. Өнер ұжымы талғамы биік көрермен назарына түрлі жанрдағы бірнеше қойылым ұсынды.