Атырау облысы Литвамен экономикалық ынтымақтастықты дамытпақ

Атырау облысы Литвамен экономикалық ынтымақтастықты дамытпақ

Аймақ басшысы Серік Шәпкенов Литваның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Эгидиюс Навикаспен кездесті,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Тараптар кездесуде сауда-экономикалық ынтымақтастық, көлік логистикасы, құрылыс және цифрландыру мәселелерін талқылады.

Литва елшісі Атыраудың инвестициялық мүмкіндігі жоғары аймақ екенін атап өтіп, Литваның экономикалық потенциалымен таныстырды.

Серік Шәпкенов Эгидиюс Навикасқа ілтипат білдіре отырып, Литваның өңірге сенімді экономикалық серіктес екенін айтып, Атырау облысы үшін маңызы бар барлық ұсыныс пен жобаны қолдайтынын жеткізді.

Жиын қорытындысында Атыраудан Литваға екіжақты экономикалық байланыстарды нығайтып, жаңа нарықтар мен технологияларды зерттеу мақсатында арнайы бизнес делегацияны жіберу жоспарланды.

Былтыр Атырау облысы мен Литва арасындағы сыртқы сауда айналымы 152,1 млн АҚШ долларын құрады. Тауар айналымының негізгі бөлігі импорттан тұрады.