
Атырау облысы мәслихатының кезектен тыс ІІ сессиясы өтті
Атырау облыстық мәслихатының төрағасы Мұса Хайруллиевтің төрағалығымен, облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиевтің қатысуымен облыстық мәслихаттың кезектен тыс ІІ сессиясы өтті. Күн тәртібінде бірнеше мәселе қаралды.
Алдымен Атырау облысындағы басқару схемасын бекіту мәселесі қаралды. Бұл туралы баяндама жасаған облыс әкімі аппаратының басшысы Болат Исақов жергілікті атқарушы органдарды мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мақсатында 22 басқарманы 19-ға дейін азайту жоспарланғанын айтты.
- Атап айтсақ: облыстық Құрылыс басқармасы мен Сәулет және қала құрылысы басқармасы біріктіліп, Атырау облысы құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы құрылады. Ауыл шаруашылығы мен Жер қатынастары басқармалары біріктіріліп, Атырау облысы ауыл шаруашылық және жер қатынастары басқармасы құрылады. Балық шаруашылығы басқармасы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қосылады. Сонымен қатар, Кәсіпкерлік және туризм, Индустриялық-инновациялық даму, Дене шынықтыру және спорт, Мәдениет және тілдерді дамыту, архив ісі басқармалары Атырау облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, Атырау облысы спорт және туризм басқармасы, Атырау облысы цифрландыру және архивтер басқармасы, Атырау облысы мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы болып өзгереді. Облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы мен Қаржы басқармасы Атырау облысы экономика және қаржы басқармасы және Атырау облысы мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы болып өзгереді. Қолдауларыңызды сұраймын,-деді Б.Исақов.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айгүл Әжіғалиева 2023 жылға арналған облыс бюджетін нақтылау жобасы туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, жыл басындағы бюджет қаражатының бос қалдықтары бас-аяғы 42 008,8 млн.теңгені құрады.
- Жеке облыстық бюджеттің бос қалдықтары инвестициялық жобалар бойынша қажетті шығындарды қаржыландыру ұсынылады. Инвестициялық жобалар бойынша 38 668,1 млн.теңге көлеміндегі қажетті шығындарды қаржыландыру ұсынылады. Олар әлеуметтік салаларға, тұрғын үй және инженерлік инфрақұрылым құрылысына, газбен жабдықтауға, төтенше жағдайлар және құқық қорғау органдарына, сумен және электрмен жабдықтауға, көлік инфрақұрылымын дамытуға жұмсалады. Сонымен бірге 2021-2022 жылдары тұрғын үй салуды қаржыландыру үшін мемлекеттік бағалы қағаздар есебінен қалған 10 692,1 млн. теңге қаражатты 2023 жылға қайта қарау көзделіп отыр ,-деді А.Әжіғалиева.
Сондай-ақ жиында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов аймақтағы білім беру ұйымдарына қайта атау беруді ұсынды.
- Атырау қаласы білім бөлімінің «№34 көпсалалы мектеп-гимназия» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне Әбу Сәрсенбаевтың есімін, «Мақат мұнай және газ технологиялық колледжі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына Бөлекбай Сағынғалиевтың есімін беруді, Құрманғазы ауданы білім бөлімінің «Ю.А.Гагарин атындағы жалпы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесін Рахымжан Отарбаевтың есімімен қайта атауды ұсынамын,-деді Ә.Жоламанов.
Атырау қаласындағы көшелерді жарықтандыру көрсеткіші 2024 жылы 81,3%-ға жетеді деп жоспарлануда. Бұл туралы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдулат Кенжебеков «Атырау қаласындағы көше жарығы желілерінің құрылысын салу, жаңғырту және пайдалану (ұзындығы – 319068 метр)» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасына мемлекеттік міндеттеме қабылдау туралы баяндамасында мәлім етті.
- Жобаны іске асыру нәтижесінде Атырау қаласы және қала маңы елді мекендеріндегі жарықтандырылмаған 421 көшеге 317 шақырым электр желісін жүргізу, 71 дана трансформаторлық станциясын, 192 дана басқару шкафы және 10 280 дана (оның ішінде 1340 дана жаңғырту) энергия үнемдеуші диодты жарық шамдарын қолдану арқылы көшені жарықтандыру желісін кеңейту криминогендік жағдайды төмендетуге, тұрғындардың, көлік құралдары жүргізушілерінің және жалпы кешкі және түнгі уақыттағы жол қозғалысының жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыруға ықпал етеді. Жоба іске асса, Атырау қаласы және қала маңы елді мекендеріндегі барлығы 1846 көшенің 1502-сі 45 154 дана жарықшаммен қамтылады. Жалпы қамту көрсеткіші 81,3% -ға жетеді,-деді А.Кенжебеков.
Мәслихат отырысында депутаттар бұл ұсыныстарды бірауыздан қолдады. Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев халықтың тұрмыстық әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жобалар ең бірінші кезектегі мәселе екенін айтты.