«Полицияның сервистік моделі» пилоттық жобасы қала мен аудандарда іске асырылады

«Полицияның сервистік моделі» пилоттық жобасы қала мен аудандарда іске асырылады

«Полицияның сервистік моделі» пилоттық жобасы қала мен аудандарда іске асырылады

Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен өңірде «Полицияның сервистік моделі» пилоттық жобасын іске асыру шеңберін кеңейту туралы әкімдік отырысы өтті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Жиында Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әбдіғани Сейдуалиев облыста полицияның сервистік тәсілін енгізу мақсатында құрылған қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде ведомствоаралық комиссияның жұмысы, оны әрі қарай қала және аудандарда кеңейту туралы баяндама жасады.

- Өткен жылы көрсетілген аумақта жұмыс тобы ақпарат жинау, талдау және іс-әрекет кезеңдерін аяқтады. Жүргізілген талдау нәтижелері бойынша облыстық әкімдікке 15 тармақтан тұратын ұсыныс жолданып, Атырау облысының ведомствоаралық комиссиясында қаралды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын тауып, полицияның сервистік моделін енгізудегі пилоттық жобаның келесі кезеңін облыс көлемінде өткізу жоспарлануда. Осы мақсатта қала, аудан әкімдіктеріне әр өңірден жұмыс тобын құру үшін хат жолданып, білікті мамандар мен қызметкерлердің тізімі жасақталды,-деді Ә.Сейдуалиев.

Аймақ басшысы ведомствоаралық комиссияда қаралған ұсыныстардың орындалуын басты назарда ұстау қажеттігін айтты.

- Полицияның сервистік моделін құрудағы басты мақсат - тұрғындармен тығыз байланыс орнату. Баяндамада айтылған халықтың ұсынысы қағаз жүзінде қалмай, орындалуы қажет. Оларға талдау жүргізіп, іс-шара жасақтағанмен, жұмыс жалғаспайтын болса, онда оның құрамына мамандарды сайлаудың қандай қажеттілігі бар? Сондықтан ведомствоаралық комиссияда қаралған 15 тармақтан тұратын ұсыныстың іске асырылуы тікелей бақылауда болуы маңызды. Сонда ғана нәтиже болады. Ал берілген уәде орындалса, оған тұрғындар да сенеді,-деді С.Шәпкенов.

Жиында Серік Шәпкенов «Полицияның сервистік моделі» пилоттық жобасын қала мен аудандарда іске асыруды хаттамаға енгізіп, әкімдерге әкімдік жанынан қызметтік бөлме бөліп, тиісті жұмыс тобын құру туралы нақты тапсырма берді.