Атырауда жалға берілетін тұрғын үйді субсидиялау бойынша Отбасы банк алғашқы өтініштерді мақұлдады

Атырауда жалға берілетін тұрғын үйді субсидиялау бойынша  Отбасы банк алғашқы өтініштерді мақұлдады

Бұл туралы «Отбасы банк» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Нұрбол Құрман мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.


Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша сәуірдің 18-нен бастап жалға берілетін тұрғын үй ақысын субсидиялау бағдарламасына өтініштер қабылдана бастады. Республика бойынша 17 000 қатысушы «Отбасы Банк» АҚ-нан өтініш беруге шақыртуы бар SMS-хабарлама алған. Сәуір айының соңында тағы 23 000 адамға шақырту хабарламасы түскен.


Платформа іске қосылғаннан бері Атырау облысы бойынша келіп түскен 257 өтініштің 49-ы мақұлданған. Өтініштер онлайн режимде оtbasybank.kz порталына жолдануда. Сондай-ақ, құжатқа сәйкес, жалға алынатын тұрғын үйдің 1 шаршы метр құны айлық есептік көрсеткіштің жылдық деңгейі мен облыс немесе қаланың белгіленген коэффициенті негізінде қалыптасады. Мысалы, Атырау қаласының тұрғындары үшін 1 ш.м. тұрғын үйдің құны 2172 теңге болып белгіленді. Тиісінше, үш адамнан тұратын отбасы шамамен 86894 теңге тұратын жалдамалы баспана ала алады, деді Н.Құрман.


Сонымен қатар, жалдау төлемдері бойынша мемлекеттік қолдауға төрт санат бойынша кезекте тұрған қазақстандықтар өтініш бере алады. Олар 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, көп балалы отбасылар.


Н.Құрманның айтуынша, субсидия алуға үміткер депозиті бар, Отбасы банк клиенті болуы тиіс. Өтініш беруші жалдау шартын тіркегені үшін мемлекеттік баж төлейді, содан кейін оның жеке кабинетінде төлем кестесі бар жалдау шарты пайда болады.


Сондай-ақ, ол Отбасы Банк жыл сайын субсидия алушылардың шарттарға сай келуіне мониторинг жүргізіп, төлем тәртібін ай сайын қадағалап отыратынын жеткізді. Ал жергiлiктi әкiмдiктер жалдамалы үйлер мен онда тұрып жатқан азаматтарды кемiнде тоқсанына бiр рет тексеретiн болады. Баспананы жақын туыстардан және жұбайынан, оның ішінде бұрынғы жұбайынан және ерлі-зайыптылардың туыстарынан жалға алуға, сондай-ақ қайта жалға өткізуге тыйым салынады.