АТЫРАУДА АБАЙ ЕСКЕРТКІШІ АШЫЛДЫ

АТЫРАУДА АБАЙ ЕСКЕРТКІШІ АШЫЛДЫ

«Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Атырауда адамзаттың ақыл-ойының алыбы Абай Құнанбайұлының еңселі ескерткіші ашылды»,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Ескертекіштің салтанатты ашылуында Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов ұлы ақынның халқымыздың өмірінен алар айшықты орнын атап өтті.

«Бүгін міне, Атырау төрінде ақыл-ойдың алыбы — Абай Құнанбайұлының еңселі ескерткіші ашылды. Бұл өңір мәдениеті үшін айтулы оқиға. Баршамызға құтты болсын! Қай халықтың да бетке ұстар, мақтан тұтар дара тұлғалары болады. Қазақтың кемеңгері - Абай Құнанбаев, ұлттың ұлы дәрежесінен асқан, әлемдік деңгейде өз орны бар біртуар тұлға. Ұлы ойшылдың қара сөздері мен өткір өлеңдері – даналықтың үлгісі, ұлттық пәлсапаның асыл маржаны.

Ақын туған халқының мінін түзеп, мәдениетті де, өркениетті елге айналғанын қалады. Қалын елі қазағына ой салу үшін қолға қаламын алды. Абай – ұлттың тәрбиешісі һәм шамшырағы. Келешек ұрпақ Абай жырларын жатқа біліп қана қоймай, онда айтылған өзекті ойларды түсінсе, нағыз мемлекетшіл, білімді және еңбекқор болып өспек»,-деді аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов.

Сонымен қатар, өңір басшысы облыс көлемінде ұлы ақынды ұлықтауға қатысты мағыналы іс-шаралар ұйымдастырылғанын да атап өтті.

«Былтыр ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойын тұтас түркі халықтары тойлады. Атырау жұрты да ақын шығармашылығы мен өміріне арналған мәдени-танымдық іс-шаралар өткізді.

Облыс орталығынан өздеріңіз көріп отырған алып ғимарат ашылып, оған ақынның есімі берілді. Қазір Абай орталығында жастарға білім мен тәрбие беруге қатысты жұмыстар жүргізілуде»,-деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, іс-шарада Атырау облысының «Құрметті азаматы» Ілья Жақанов «Абай қазақтың поэзиясында, ән өнерінде реформа жасаған алып тұлға. Өйткені, қазақ даласынан шыққан ақын Гетенің, Левенштейннің өлеңдеріне аударма жасаған аудармашы ғана емес, сонымен қатар, композитор, әрі философ.

Ал, бұл ескерткіш – мәңгілік елдің ескерткіші, сондықтан рухымыз да осылай көтеріле берсін»,-деді.

Өз кезегінде «Атырау облысының Құрметті азаматы» Қадір Жүсіп ақын өлеңдерінен жыр шумақтарын оқып, «Бұл жерге өңірдің жастары келіп, Абаймен сырласады, өлеңдерін оқиды, түрлі іс-шараларын өткізеді. Сондықтан, бұл ескерткіштің кейінгі ұрпақ үшін тәлім-тәрбиесі мол деп ойлаймын»,-деді.

Сонымен қатар, жиналған жұрт Ұлы Абайдың рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

Тұғырымен қоса есептегенде жалпы биіктігі 11 метр болатын ұлы ойшылдың мүсіні Атырау қаласындағы Абай орталығының дәл алдына орнатылды. Ескерткіштің 5 метрі қоладан, қалғаны гранит тастан жасалған. Оның ашылуы бұдан бұрын жоспарланғанмен, пандемияға байланысты кешіктірілген болатын.

Айта кетейік, Абай Құнанбайұлының ескерткішін орнату мәселесі 2018 жылы 5 сәуірде өткен Атырау облысының тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссияда қолдау тауып, 2018 жылдың 14 мамырында ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне ұсыныс жолданған.

Ұсыныс бойынша министрлік жанындағы өткен монументтік өнердің жаңа құрылыстарын орнату жөніндегі комиссиясының 2018 жылғы 17 шілдедегі қорытындысымен мақұлданды.

Ескерткіштің үздік жобасын анықтау бойынша 2019 жылғы 22 сәуірде республикалық ашық конкурс жарияланды.

Конкурсқа түскен мүсін жобалары 2019 жылдың 19 қарашасында облыстық комиссияда қаралып, үздік деп танылған екі нұсқа министрлік жанындағы «Монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату жөніндегі» республикалық комиссияның қарауына жолданды.

2019 жылдың 20 қараша күні Республикалық комиссияның шешімі бойынша мүсінші Нартов Асқар Маратұлының ескерткіш жобасы үздік деп танылды.

Абай Құнанбайұлының ескерткішін орнату бойынша Атырау қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен «Балқыту» ЖШС-мен жалпы соммасы 145 млн. 1 теңге 66 тиын болатын келісімшарт жасады.