АТЫРАУДА ЕЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫ МЕРЕКЕЛЕНДІ

АТЫРАУДА ЕЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫ МЕРЕКЕЛЕНДІ

«Атырауда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті. Оған Мемлекет басшысының тапсырмасымен келген Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев қатысты»,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Салтанатты іс-шарада Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев сөз сөйлеп, қатысушыларды мерекемен құттықтады.
«Біз – еркіндікке қолы жеткен, арман-мұраты тең өрілген дана халықпыз. Біз – тайқазаны ортаймаған қазақ деген байтақ елміз. Міне, сол бақыт түндігін ашқан Тәуелсіздік бүгінде құт-берекеге айналды. Біз бүгін осы құбылысты ерекше сезініп тұрмыз.
Біз – ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халықпыз. Бүгінгі мемлекетіміздің қарқынды дамуы – тұрақты саясат пен ішкі бірліктің арқасы. Ұлттық қасиетіміз бен ұлттық құндылықтарымызды ұлықтай білгеніміздің жемісі. Сондықтан бірлігіміз бекем, тірлігіміз тиянақты болғанда ғана Тәуелсіздіктің туы мәңгі желбірейтінін естен шығармағанымыз абзал.
Отыз жылда қазақ халқы асыққанына жетіп, аңсағанын көрді. Тәуелсіздік ұлттық намысымызды оятты. Тәуелсіздік қазақты әлемге азаттық сүйгіш, рухы биік, намысы берік халық ретінде танытты. Ата-бабамыз ғасырлар бойы армандап өткен егемен ел болу мәртебесін көру – бүгінгі ұрпаққа бұйырған зор бақыт»,-деді Қ.Көшербаев өз сөзінде.
Сондай-ақ, ол Тәуелсіздікті нығайтудағы Елбасының рөліне ерекше тоқталып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасында еліміздің мемлекет болып қалыптасуда ауыр сынақтардан сәтті өтіп, дамудың даңғылына түскенін атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осындай жасампаз саясатты жемісті жалғастыруы, салиқалы сабақтастық еліміздің одан ары табысты дамуының негізі болып отырғанын жеткізді.
Мемлекеттік хатшы, сонымен қатар, Атырау облысы стратегиялық маңызды өңір, Қазақстан экономикасының тірегі екенін, мұнда бүкіл ел экономикасының жоғары даму қарқынын қамтамасыз ететін әлемдік деңгейдегі ауқымды жобалар іске асырылып жатқанына ерекше тоқталды.Өз кезегінде Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов өңір халқын ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесімен құттықтап, отыз жылдағы өңірдің жетістіктерін атап өтті. Егемендік алғалы еліміздің өркендеуінде Атырау облысының да айрықша үлесі барын жеткізіп, өңірдің экономикалық, әлеуметтік жетістіктерін баяндап берді.
«Тәуелсіздік жылдары өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 15,5 проценттен 4,9 процентке дейін төмендеді. Егемен ел болғалы бері халықты газ, ауыз су және электр желілерімен қамтуға қатысты ауқымды жобалар іске асырылды. Отыз жылда облыс аумағында 3 900 шақырым газ желісі салынды. Екі жарым мыңдай шақырым ауыз су желісі тартылып, орталықтандырылған сумен қамту көрсеткіші 35 проценттен 99 процентке дейін артты. Қазір облысымыз өмір сапасының осындай маңызды көрсеткіштері бойынша елімізде көшбасшы. Осы уақытта 12 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, салаға 640 млрд теңгеден астам инвестиция құйылды»,-деген М.Досмұхамбетов, 2200 шақырымнан астам автокөлік жолдары салынып, жөнделгенін де айтып өтті.
Сондай-ақ, өңір басшысы татулық пен бірлікті ту еткен Тәуелсіз еліміздің жетістіктері, Елбасының идеялары мен бастамалары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен табысты жалғасын табуда екенін баса айтты.
Мерекелік іс-шарада Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі cіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін өңірдің бір топ азаматы марапатталды. Оларға ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев «ІІ дәрежелі Барыс», «Парасат», «Құрмет», «ІІІ дәрежелі Еңбек даңқы» ордендері мен «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медалдері және ҚР Құрмет грамотасы сынды мемлекеттік наградалар табыс етті.
Салтанатты іс-шарада Тәуелсіздік жылдары өңірдің дамуын көрсететін деректі фильм келушілер назарына ұсынылып, соңы концерттік бағдарламаға ұласты.