Атырау қаласында тоқыма және геосинтетикалық материалдарды өндіру цехтары іске қосылды

Атырау қаласында тоқыма және геосинтетикалық материалдарды өндіру цехтары іске қосылды

«Атырауда тоқыма және экструзиялық геосинтетикалық материалдарды өндіру цехтары іске қосылды»,- деп хабарлайды Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Бұл жоба Қазақстан мен Ресей біріккен кәсіпорындары «Ультрастаб-Казахстан» «РГК-Каспий» компаниялары тарапынан жүзеге асырылуда. Цех екі түрлі маркалы өнімдерді шығаратын болады. Айталық, «Ультрастаб» маркалы тоқылған геосинтетикалық материалдар - жол, гидротехника құрылысына, құбырлар, қойма және кешендер, қалдықтарды сақтау орындарының құрылысына арналған. Ал, «РГК» маркалы экструзиялық геосинтетикалық материалдар - бүктелген жинақы орамдар түрінде жеткізілетін, көлік өндірісі және гидротехникалық құрылыста әртүрлі қажеттіліктегі дренаждау, қорғау, сүзу қабаттарын жасауға арналған құрылыс материалдарының класы.

«Мемлекет басшысы жергілікті атқарушы органдарға экспортқа шығатын сапалы өнімдерді көбейту, қазақстандық қамтуды жүзеге асыру бағытында нақты тапсырмалар берген еді. Осы орайда Атырауда жоспарлы шаралар жүзеге асуда. Соның бірі – геосинтетикалық материалдарды өндіру цехы. Бұрын мұндай бұйымды шетелден сатып алып келсек, ол енді өзімізде шығарылады»,- деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Айдарбеков.

Бұл материалдарды пайдалану құрылыстың қызмет ету мерзімін және сапасын арттыруға, сондай-ақ материалдарға шығындарды үнемдеу арқылы өндірістің құнын едәуір төмендетуге мүмкіндік береді. Аталған жобаның іске асуы жоғары сапалы тоқыма және геосинтетикалық материалдарды өндіруге, импортты алмастыруға және мұнай-химия өнімдерін одан әрі қайта бөлуді жүзеге асыруға, экспортқа бағытталған қайта өңделген материалдарды өндіруге негіз болмақ.

«Ультрастаб» компаниясы Ресейде геотоқыма материалдардың 40-тан астам түрін шығарса, «РГК» компаниясының жобалық қуаты жылына 50 миллион шаршы метрге дейін материалдар өндіруге қауқарлы. Осы сияқты болашақта біздегі өнім өндіру қуаттылығы да біртіндеп ұлғаятын болады»,- деді «Ультрастаб-Қазақстан» және «РГК-Каспий» ЖШС директоры Азамат Асылбеков.

Айта кетейік, бұл жоба «Атырау облысы Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы» және «Kazakh invest» Ұлттық Компаниясының Атырау облысындағы өкілдігімен сүйемелденуде.