АЙМАҚ БАСШЫСЫ ЖОҒАРЫ МЕМЛЕКЕТТІК МАРАПАТ АЛҒАНДАРДЫ ҚҰТТЫҚТАДЫ

АЙМАҚ БАСШЫСЫ ЖОҒАРЫ МЕМЛЕКЕТТІК МАРАПАТ АЛҒАНДАРДЫ ҚҰТТЫҚТАДЫ

«Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Отан қорғаушылар мерекесінде мемлекеттік жоғары марапат алған әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерін құттықтады»,-деп хабарлайды Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі.

Бүгін облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов мемлекет басшысының Жарлығымен генерал-майор әскери атағын алған «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы Нұрлан Алдияровты қабылдады. Әңгіме барысында аймақ басшысы ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі Атырау облыстық экономикалық тергеу департаментінің басшысы Қайрат Бижанов пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Қанат Сүлейменовтің де Президент Жарлығымен II дәрежелі «Айбын» орденін өңірлеріне таққанын атап өтті. Сосын Махамбет Досмұхамбетов: «Сіздерді жоғары мемлекеттік награда алуларыңызбен құттықтаймын. Бұл Отан алдындағы абыройлы қызметтеріңізге берілген ең жоғары баға деп білемін. Сіздердің елге деген еселі еңбектеріңіз бен мінсіз кәсіби шеберліктеріңіз жастарға әрдайым өнеге болады. Абыройлы қызметтеріңіз жалғасын тапсын»,-деді.
Аймақ басшысы сондай-ақ Тәуелсіздік жылдары Елбасының саясатымен Қазақстан қуатты Қорғаныс күштерін қалыптастырғанын, оның әлеуетін заманға сай арттыру үшін тұрақты қолдау жасалып келе жатқанына тоқталды. Соның арқасында күштік құрылымдар ұлттық қауіпсіздігіміз бен Тәуелсіздігіміздің мығым қорғанына айналған. Сондай-ақ ол президент тапсырмасы бойынша құқық қорғау саласында басталған реформалардың қоғамдағы құқықтық тәртіпті жаңа деңгейге шығаруға ықпал ететінін де атап өтті.