Жаңа Экологиялық кодекс кәсіпорындарға жаңаша жауапкершілік жүктейді

Жаңа Экологиялық кодекс кәсіпорындарға жаңаша жауапкершілік жүктейді
«Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов ірі кәсіпорындарға өз өндірістеріне суды қайта тазартып пайдалану, не болмаса, теңіз суын тұщытып пайдалану технологияларын неғұрлым жылдам енгізуді шешу қажеттігін айтты»,- деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
Экологиялық кодексті түсіндіру жөніндегі отырысқа ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев пен облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов, жергілікті қоғам белсенділері, сондай-ақ экологиялық ұйымдар мен мұнай саласының кәсіпорын басшылары қатысты.
Өз кезегінде аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов өңірдегі экологияны жақсарту мақсатында жергілікті атқарушы органның жасаған бірқатар жұмысына тоқталды.
Өңір басшысы қаланың сол жақ бөлігінде салынған жаңа кәріздік-тазарту ғимараты 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында қолданысқа берілетінін айтты. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерде кең ауқымда ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасына орай, алдағы бес жыл ішінде орман қоры жерлеріне 7 миллион тал отырғызылатынын жеткізді.
Сондай-ақ, қала әкімдігі мен Атырау мұнай өңдеу зауыты «Тухлая балка» кәріздік сулардың булану алаңының өздеріне қарасты бөліктерін қалпына келтіру жұмыстарына осы жылдың тамыз айынан бастап кірісетіндігін мәлімдеді.
Ал, Жайық өзені деңгейінің төмендеуіне байланысты, өзен ағынын молайту мақсатында Жайықтың жоғары жағында орналасқан су қоймаларынан төмен қарай суды босату көлемін арттыру мәселесін айрықша назарға алуды ұсынды.
«Облыс экономикасының негізгі саласы – мұнай-газ өнеркәсібі дамыған сайын, оның қоршаған ортаға салмағы да арта түсуде. Жаңа Экологиялық кодексте көзделген «Ластаушы қалпына келтіреді» деген ұстаным кәсіпорындарды, қоршаған ортаға келтірген зиян үшін айыппұл төлеп қана құтылып кете салмай, оны қалпына келтіруге міндеттейді. Бұл, сөз жоқ, олардың қоршаған ортаны ластау мәселелеріне деген жауапкершіліктерін арттыратын болады»,- деді Махамбет Досмұхамбетов.
Өз кезегінде ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев «біздің міндетіміз – жаңа Экологиялық кодекстің нормаларын жергілікті тұрғындармен талқылау, халықты осы нормалардың қалай іске асырылатыны және өңірдің экологиялық жағдайын жақсартатыны туралы хабардар ету», - деді.
Сондай-ақ, Кодекстің негізгі бағыттарына тоқталған ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Ахметжан Пірімқұловтың айтуынша, жаңа Кодексте 2022 жылдан бастап жергілікті атқарушы органдар табиғатты қорғау шараларынан түсетін экологиялық төлемдер есебінен қаржыландырылатын болады.
Жиын соңында аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов жаңа Кодекстің талаптары өңірдің экологиялық ахуалын едәуір жақсартатынын атап өтті.