АТЫРАУДА «OTANLife» ЖОБАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

АТЫРАУДА  «OTANLife» ЖОБАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
«Атыраудың білім саласында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған «OTANLife» жобасы жүзеге асырылуда», деп хабарлайды Атырау облысы Білім беру басқармасының баспасөз қызметі.
Қосымша білім беру, тәрбие жұмысы, өзін-өзі тану және бала құқығын қорғау бөлімінің басшысы Алмагүл Қайырлиеваның айтуынша, «OTANLife» — 2021 жылы Атырау облысының білім беру ұйымдарында іске асатын жобалардың негізгісі.
«Жобаның мақсаты – өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу, олардың бойында ұлттық құндылықтарды, дәстүрлерді құрметтеу сезімдерін қалыптастыру. Жобаға барлық білім беру ұйымдарының мектеп оқушылары мен колледж студенттері, педагогтар және ата-аналар қатыса алады. Жоба толыққанды іске асу үшін жауапты комиссия құрамы тағайындалуы шарт. Комиссия құрамына жоба жетекшісі, ата-аналар қоғамдық кеңесі, Аналар мектебі, Әкелер қоғамдық кеңесі, ұлдар, қыздар ұйымы, «Адал ұрпақ», әскери-патриоттық, еріктілер клубтары, «Жас Ұлан» ББЖҰ, «Мектеп инспекторының жас көмекшілері» ұйымы, т.б. мүдделі ұйымдар мен тұлғалар кіреді», - деді бөлім басшысы.
Айта кетелік, аталмыш жобада онлайн-дәрістер, сынып сағаттары, дебаттар, кітаптар бейнеблогы, мұражайларға саяхат, жас ғалымдармен кездесу, сурет шеберханасы, жас айтыскер сайысы, ерекше білімге қажеттілігі бар балалар арналған іс-шаралар, әскери-патриоттық клубтар арасында сайыстар, оқушылар арасында эссе конкурсы және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылады деп күтілуде.