
Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов Италия-Қазақстан сауда қауымдастығының (ACIK) президенті Марко Береттамен кездесті. Екі тарап бірлескен жобалардың барысын, Атырау облысы мен Италия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың перспективаларын талқыға салды.
Марко Беретта ENI, Ansaldo Energia және Tecnimont сияқты 60-қа жуық италиялық компанияның басын біріктіретін қауымдастық жұмысы жөнінде әңгімелеп, өңірде іске асырылып жатқан жобаларда жергілікті қамту үлесі артып келе жатқанын атап өтті. Кездесуде Атыраудағы Zharyq Academy жұмысы да талқыланды. Онда жыл сайын жергілікті мамандар мұнай-газ саласында еңбек етуге даярлықтан өтеді.
Өңір экономикасының шикізаттық емес бағыттарын дамытуға да ерекше назар аударылды. Тараптар ауыл шаруашылығы бағытында қосылған құны жоғары өнім шығару, туризм индустриясын дамыту, соның ішінде Атырау мен Италия арасында тікелей әуе қатынасын ұйымдастыру мүмкіндігі жайында да айтты.
— Біз өңір экономикасын әртараптандыруға және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, туризм, креативті индустрия сынды жаңа бағыттарды дамытуға мүдделіміз. Атыраудың мұнай-газ саласының ғана емес, экономиканың басқа да бағыттары үшін маңызды орталыққа айнала алатындай әлеуеті бар, — деді Болат Ақшолақов.
Кездесуде аймақтағы мұнай өңдеу кәсіпорнының қуатын пайдалана отырып, майлы дақылдар негізінде экологиялық таза авиациялық отын шығару жобасын іске асыру перспективалары да қаралды.
Тараптар Атырауда италиялық компаниялардың қатысуымен халықаралық инвестициялық форум өткізу жөнінде де ақылдасып, көтерілген бастамалар бойынша жұмысты жалғастыруға уәделесті.