Атырау облысында Жайық өзенінің арнасын зерттеудің ғылыми тәсілдері талқыланды

Атырау облысында Жайық өзенінің арнасын зерттеудің ғылыми тәсілдері талқыланды

Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов “ҚМГ Инжиниринг” ЖШС мамандарының, гидрогеологтардың және сарапшылардың басын қосып, Жайық өзеніндегі гидрологиялық процестерді кешенді зерттеу, шөгінділер мен лайдың артуының себептері және облыстағы су нысандарының жағдайын жақсарту шараларын талқылады.

Сарапшылар өзеннің әртүрлі учаскесіндегі арна процестерінің алдын ала талдау нәтижелерін ұсынды. Олардың мәліметінше, Жайықтың ағысы табиғи түрде төмен болғандықтан, шөгінділер көптеп жиналады және ол судың лайлануына себеп болады. Бұл өңірдегі су тазарту құрылыстарының жұмысына әсер етеді.

Өзен арнасы мен тармақтарының өткізу қабілетін сақтау мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Мамандар ауқымды түп тереңдету алдында зерттеулер жүргізіліп, гидродинамикалық модельдеу жасалмаса,  өзеннің табиғи режимі өзгеріп, жекелеген учаскелердің шайылып кетуі  жиілеуі мүмкін екенін атап көрсетті. 

Жиынға қатысушылар өзен арнасы мен тармақтарын зерделеу, сынамалар алу, су қозғалысын модельдеуді қарастыратын косымша ғылыми зерттеулер жүргізуге қатысты ұсыныстарды қарастырды. Сондай-ақ шөгінділердің көлемін азайту, ең осал деген жағалау учаскелерін бекіту және су ресурстарын басқарудың тиімділігін арттыру бойынша шаралар талқыланды.

Жұмыстың өз алдына бөлек бағыты ретінде тасқын су жүрісінің тарихи жолдарын зерттеу белгіленді. Болат Ақшолақов су басу қаупі бар аумақтарда құрылыс жүргізуге жол бермеу үшін оларды картаға түсіру және деректерді кадастрға енгізу бойынша жұмыс жүргізуді тапсырды.

Бұдан бөлек, жиында су жинау және оны ұтымды пайдалану үшін жасанды су қоймасын құрудың перспективалары да қаралды. Облыс басшысының айтуынша, мұндай шешімдерді әзірлеуде осыған ұқсас жобаларды іске асырудағы отандық және халықаралық тәжірибе ескерілуі қажет.

— Тек салдарын жоюмен шектелмей, болып жатқан процестердің себебін түсінгеніміз маңызды. Барлық шешім ғылыми зерттеулерге негізделіп, өзеннің табиғи ерекшеліктері ескерілуі тиіс. Табиғатты біздің схемамызбен жұмыс істеуге мәжбүрлей алмаймыз, керісінше, инженерлік шешімдерде судың табиғи динамикасы ескерілуі шарт, — деп атап өтті Болат Ақшолақов.

Облыс әкімі кездесу соңында ғылыми ұйымдармен және сарапшылар қауымдастығымен бірлескен жұмысты жалғастыруды, өзен арнасының тарихи өзгерістеріне қатысты архивтік деректер дайындауды және алдағы зерттеулерді қаржыландыру үшін мемлекеттік грант бағдарламаларына қатысу мәселелерін қарастыруды тапсырды.

Жайық өзенін кешенді зерттеу жұмыстары сала мамандарын тарта отырып, су ресурстарын сақтау және өңірдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейтін ғылыми негізі бар шешімдерді әзірлеу бағытында жалғасады.