
Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов Engineering Services халықаралық инжиниринг компаниясының өкілдерімен кездесті. Тараптар құрылыс жобаларын бақылауға арналған цифрлық құралдарды қолдану, жол инфрақұрылымын дамыту және жеке инвестициялар тарта отырып, әлеуметтік жобаларды іске асыру жөнінде ақылдасты. Талқылауда ЖСҚ дайындаудан бастап нысанды пайдалануға бергенге дейінгі барлық кезеңдегі ашықтықты арттыруға назар аударылды.
Engineering Services өкілдері жұмыс сапасын, мерзімін, бюджеті мен жобадағы ықтимал қауіпті бірыңғай жүйеде бақылауға мүмкіндік беретін Digital Engineering Services цифрлық платформасын таныстырды.
—Біз құрылыс жобаларын бақылау тәсілінің өзін өзгертуіміз керек. Тек нәтиже емес, бүкіл процес: мерзімдер, сапа, құны, ықтимал қауіп көрініп тұратындай болуы шарт. Бұл, әсіресе, жобалау-сметалық құжаттамамен жұмыс кезінде өте маңызды. Олқы тұстарды алдын ала көріп, мәселе әбден құрылыс басталып кеткенде барып анықталатын жағдайларға жол бермеуіміз тиіс, — деп атап өтті Болат Ақшолақов.
Компания өкілдері жұмыс кестесін, сметаларды және жобалау құжаттамасын автоматты түрде талдауда цифрлық шешімдерді, соның ішінде жасанды интеллект негізіндегі құралдарды пайдалануды ұсынды. Бұл кемшілікті тезірек анықтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар DES платформасы мен салынып жатқан ситуациялық-талдау орталығының жұмысын интеграциялау мүмкіндігі де талқыланды. Бұл жобалардың жүзеге асырылу барысын, мерзімдерін және негізгі көрсеткіштерді онлайн режимінде бақылауға жол ашады.
Кездесу қорытындысы бойынша Engineering Services компаниясына цифрлық платформаның демонстрациясын және облыста пилоттық жобаны іске қосу бойынша ұсыныстар дайындау тапсырылды.