
Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов Назарбаев Университетінің өкілдерімен жүздесті. Кездесуге университет президенті Вакер Ахмад мен Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ректоры Саламат Идрисов қатысты. Екі тарап өңірдегі ғылым мен инновация, білім беру мен өнеркәсіпке технологиялар енгізудегі стратегиялық серіктестік перспективалары жөнінде ақылдасты.
Назарбаев Университетінің өкілдері елдің 10 негізгі жоғары оқу орнымен серіктестік стратегиясы, соның ішінде түрлі салада ЖИ қолдану жөніндегі “AI on top of X” тұжырымдамасы
туралы әңгімелеп берді.
Өңір басшысы Атырау облысы үшін ынтымақтастықтың қай бағыты басымдыққа ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті базасында жасыл экономика мен агроөнеркәсіп кешенін дамытуға ерекше назар аударылуы қажет.
— Аграрлық сектордағы жасыл технологиялар — Атырау университеті үшін көздеп отырған бағытымыздың бірі. Мұнай-газ саласында бейінді университетіміз бар және бұл бағыт бүгіннің өзінде жақсы дамыған, — деді Болат Ақшолақов.
Кездесуде өңірлік
жобалардың бюджеті мен оны бақылауды цифрландыру, қалалық процестердің мониторингіне арналған ситуациялық орталық құруды көздейтін “Атырау Smart City” жобасы да жеке қаралды.
Талқыға түскен тағы бір бағыт —“ҚазжолҒЗИ”-мен бірлесіп көлік инфрақұрылымын дамыту: құрылыс сапасының стандарттарын арттыру, мерзімдерді бақылау және бюджет қаражатын тиімді пайдалану. Экология, су ресурстарын басқару, қоршаған ортаны қорғау және су беру желілеріндегі ысырапты азайтуға бағытталған шешімдер ұсыну мәселесі де тараптар назарынан тыс қалған жоқ.
Кездесуге қатысушылар ғылыми ұсыныстар өңірдегі нақты міндеттерге негізделуі керегін атап өтті. Жұмысты үйлестіру үшін облыс басшылығы мен ЖОО ректорларынан басым бағыттарды айқындап, жобалардың кезең-кезеңімен іске асырылуын қадағалайтын консорциум құру ұсынылды.