
Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақовтың төрағалығымен жиын өтіп, онда су бұру жүйесін дамыту және жерасты суларының деңгейін төмендету шаралары талқыланды.
Өңір басшысы бұған дейін Атырау қаласының су бұру жүйесін дамытудың кешенді бағдарламасын әзірлеуді тапсырған еді. Қалаға қарасты аумақтың шамамен 80%-ы орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылмаған. Бұл жерасты суларының деңгейіне және инженерлік инфрақұрылымға кері әсер етіп отыр.
Облыс әкімінің тапсырмасы аясында су бұру жүйесін дамытудың алдын ала тұжырымдамасы ұсынылды.
Жиынға қатысушылар ұсынылатын техникалық шешімдерді, жобаны іске асыру кезеңдері мен оны әрі қарай пысықтау тетіктерін талқыға салды.
«Атырау облысы Су Арнасы» КМК басшысы Мейірім Қалауидің айтуынша, тұжырымдамада әйнекті пластиктен жасалған оқшау шағын кәріз сорғы стансасы және көлденең бағыттағы бұрғылау технологиясы сынды заманауи инженерлік шешімдерді қолдану ұсынылған. Алдын ала есеп бойынша, бұл құрылыс мерзімін қысқартуға, қолданыстағы инфрақұрылымға кедергіні азайтуға және су бұру жүйесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бірінші кезең Талғайран ауылы бағытындағы елді мекендерді қамтиды. “Жұлдыз” шағынауданындағы ішкі кәріз желісі 70%-ға дайын. Ал негізгі кәріз сорғы стансасының жобасы мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Шағынаудан осы жоба іске асқан соң орталық жүйеге қосылады. “Мирас” шағынауданында жүріп жатқан жұмыстарды қазанның аяғына дейін бітіру жоспарланған. Қаланың ескі бөлігіне арналған кәріз сорғы станциясын қалалық саябақ ауданында салу қарастырылған.
Екінші кезеңде Еркінқала және “Ерік Мостовой” арнасына іргелес аумақтарда су бұру жүйесін дамыту ұсынылды.
Үшінші кезеңде “Атырау”, “Жерұйық” шағынаудандарын қаланың ескі бөлігіне қосатын желі тарту көзделген.
Төртінші бағыт Дамбы жақты, соның ішінде Құрманғазы мен Жаңаталап ауылдарын қамтиды. Оның шеңберінде жаңа желілер тарту және шағын кәріз сорғы стансаларын салу ұсынылып отыр.
Бесінші кезең ретінде “Береке” және “Алмалы” шағынаудандарына арналған кәріз сорғы стансасын салып, ақаба суларды кәріздік тазарту қондырғыларына шығару қарастырылған.
Талқылау барысында “Ерік Мостовой” арнасының қызметіне және жерасты суларының деңгейін төмендету шараларына ерекше назар аударылды.
Болат Ақшолақов тұжырымдаманы іске асырудың техникалық, қаржылық және ұйымдастырушылық аспектілерін ескере отырып, ұсыныстарды пысықтай түсу керегін атап өтті.
Өңір басшысы бұл орайда облыс әкімі орынбасарының жетекшілігімен салалық мемлекеттік органдар мен коммуналдық кәсіпорындар өкілдерінен тұратын жұмыс тобын құруды тапсырды. Бұл туындаған мәселелерді дереу қарастыруға және жобаны дайындаудың барлық кезеңіндегі жұмыстарды үйлестіруге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ іс-шараларды іске асырудың нақты мерзімдері көрсетілген жол картасын әзірлеу және бекіту, әрбір кезеңді қаржыландыру көздерін белгілеу және мүдделі тараптар арасындағы жұмысты үйлестіруді қамтамасыз ету тапсырылды.
Болат Ақшолақов жобаны іске асыру кешенді тұрғыда қарастырылуы керегін атап өтті. Оның айтуынша, кәріз желілерін салумен қатар сол учаскелердегі электр желілерін кезең-кезеңімен жерастына көшіруді де қарау қажет. Бұл инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын үйлестіру, электрмен қамту сенімділігін арттыру және болашақта жер жұмыстарын қайта жүргізбес үшін керек.