19–20 қыркүйекте Астанада Атырау облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Atyrau Creative Days — Атырау облысының креативті жәрмеңкесі өтті. Екі күндік іс-шараға өңірден 20-ға жуық шебер мен креатор қатысып, өз өнімдерін Астана тұрғындары мен қонақтарына таныстырды. Жәрмеңкеге 10 мыңға жуық адам келіп, жалпы құны 15 млн теңгеге жуық өнім сатылды, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жәрмеңкенің алғашқы күнінде «Fashion Design» сән көрсетілімі ұйымдастырылып, онда атыраулық дизайнерлердің заманауи сән үлгілері ұсынылды. Сонымен қатар Атырау Жастар театры көрермендерге концерттік бағдарламасын ұсынды.
Жәрмеңкенің екінші күні Creative Talks кездесуі өтіп, креативті индустрия өкілдері өздерінің кәсіби тәжірибесі, шығармашылық жобалары және саладағы даму бағыттары туралы әңгімеледі. Сондай-ақ «SARMAD» этно-фольклорлық ансамблі концерттік бағдарламасын ұсынып, «JAIYQ CORP» дербес өнер кеңістігінің концерттік қойылымы көрермен назарына ұсынылды.
Жәрмеңке барысында зергерлік өнер, сән, дизайн, ұлттық қолөнер, авторлық бұйымдар, былғары аксессуарлар және заманауи бағыттағы шығармашылық өнімдер қойылды.