
Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов Грузияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Леван Диасамидземен кездесті. Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелерін, өңіраралық байланыстарды одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.
Кездесуге қатысушылар Қазақстан мен Грузия арасында өзара құрмет пен сенімге негізделген дәстүрлі достық сипатындағы қарым-қатынас орнағанын тілге тиек етті. Бүгінде Атырау облысында грузин капиталы бар 18 компания сауда, құрылыс, логистика және қызмет көрсету салаларында жұмыс істейді.
— Біз бірлескен бастамаларға, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, өндірістерді жергіліктендіруге және екі елдің кәсіпкерлері арасында жаңа іскерлік байланыстар орнатуға қолдау көрсетуге дайынбыз, — деді Болат Ақшолақов.
Тараптар қазанда Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге ұйымдастырылатын инвестициялық форум жайында да сөйлесті. Форумдағы негізгі бағыттың бірі агроөнеркәсіп кешенін дамыту болмақ. Соның шеңберінде майлы дақылдар өсіру, азық базасын нығайту, қант, бақша дақылдарын, басқа да дәстүрлі азық-түлік өнімдерін өсіру мәселелерін ортаға салу жоспарланып отыр.
Болат Ақшолақов келесі жылы Атырауда ЮНЕСКО ассоциациялары мен клубтарының Дүниежүзілік федерациясының қолдауымен 17 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдердің басын қосатын Дүниежүзілік балалар форумын өткізу туралы жоспар барын айтты.
Тараптар кездесу соңында Атырау облысы мен Грузия арасындағы конструктивті ынтымақтастықты жалғастыруға, сондай-ақ мемлекеттік, өңірлік және қоғамдық деңгейде байланыстарды дамыта түсуге дайын екенін растады.