
Атырауда Отбасы күніне орай көрерменге Бердібек Соқпақбаевтың әйгілі шығармасы негізінде сахналанған «Менің атым Қожа» спектаклі ұсынылды. Жастар театрының қойылымын тамашалауға келген көрермен залды лық толтырды. Спектакль көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
«Менің атым Қожа» спектаклінің премьерасы 2024 жылы өтті. Содан бері қойылым Астана, Ақтөбе, Орал, Ақтау қалаларында және облыстың бірқатар ауданында сахналанып, көрерменнің жоғары бағасына ие болды.
Қойылымның режиссері – М. Томанов, қоюшы-суретшісі – Т. Коесов.
Қожа рөлін сомдайтын актер Бекзат Төлепов үшін бұл кейіпкерді сахнаға шығару үлкен жауапкершілікпен қатар, қызығушылықты талап ететін ерекше рөл болған.
— Режиссер бұл рөлге мені таңдағанда Қожа бейнесіне жақындығымды ескерген шығар деп ойлаймын. Қойылым көрерменнің ықыласына бөленіп, әлі күнге дейін сұранысқа ие болып келеді, – деді Бекзат Төлепов.
Актердің айтуынша, балалар әдебиетінің жауһарына айналған шығарма негізіндегі спектакль арқылы көрермен Қожаның қызықты оқиғаларына куә болып қана қоймай, балалық шақтың шынайы болмысын, тәрбие мен адамгершілік құндылықтарын сезіне алады.