
Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов облыстық басқармалар басшыларының, аудан және Атырау қаласы әкімдерінің,салалық мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен аппарат отырысын өткізді.
Онда қаралған негізгі мәселелердің бірі — жобалау-сметалық құжаттаманың сапасын арттыру. Аймақ басшысы салынып жатқан нысандарға мониторинг жүргізіліп жатқанын және тексеру кезінде бірқатар мәселелер анықталғанын айтты. Оның сөзінше, құрылыс уақытында табылған қателер жобаның қымбаттауына және жұмыс кестесінен ауытқуға әкеп соғады. Сондықтан ықтимал жағдайлар жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу кезінде, мемлекеттік сатып алу туралы хабарландыру жарияланғанға дейін анықталуы тиіс.
Болат Ақшолақов бұл орайда құрылыс жобаларының іске асыруға дайындығын бағалайтын ведомствоаралық комиссия құруды тапсырды. Бұл формат жобаның кем-кетігін құрылыс кезінде түзетуге мәжбүр етпей, мемлекеттік сатып алуды жарияланбай тұрып анықтауға мүмкіндік береді.
Комиссия құрамына құрылыс, сәулет, энергетика, жол, экономика және қаржы салаларына жауапты басқармалардан өкілдер, тәуелсіз сарапшылар енгізіледі.
Комиссия мемлекеттік сатып алуды жариялағанға дейін жобаларды қарап, құжаттаманың толықтығын, архитектуралық және инженерлік шешімдерді, қауіпсіздік талаптарын, экологиялық аспектілерді және басқа да негізгі параметрлерді бағалайды.
Соның негізінде үш шешімнің бірін шығарады: жобаны мемлекеттік сатып алуды жариялауға ұсыну, ескертілген кемшілікті жойғаннан кейін қайта қарау үшін пысықтауға жіберу немесе айтарлықтай кемшіліктер жойылмайынша сатып алуға ұсынбау.
Аппарат отырысында құрылыс саласындағы баға мәселесіне де айрықша назар аударылды. Облыс әкімі мердігер ұйымдардың қызмет құны тиісті құжаттармен расталатын ашық баға белгіленімі (Open Book) жүйесін енгізу мүмкіндігін қарастырды тапсырды.
Аймақ басшысының пікірінше, мұндай жүйе бюджет қаражатын жұмсаудың ашықтығын арттыруға, шығындарды негіздеуге мүмкіндік береді және жоба құнын себепсіз өсірудің алдын алады.
Жиында құрылыс саласын цифрландыру жайы да айтылды. Облыс әкімі жобалау-сметалық құжаттаманы алдын ала тексеру, қателер мен ықтимал жағдайларды анықтау үшін жасанды интеллект құралдарын енгізуді тапсырды. Бұл мамандардың құжаттарды өңдеуге жұмсайтын уақытын қысқартуға және адами фактордың әсерін азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар өңір басшысы құрылыс мониторингінің цифрлық тетіктерін, жұмыстарды орындаудың электрондық кестелерін енгізуге пәрмен берді. Бұл жобалардың іске асырылу барысын, белгіленген мерзімдердің сақталуын нақты уақыт режимінде бақылауға және ауытқуларға дер кезінде мән беруге жағдай жасайды.
Отырыста қаралған келесі мәселе — білім беру нысандарының жаңа оқу жылына дайындығы. Болат Ақшолақов мектеп салу және жөндеу мәселелері оқу жылы басталардан санаулы күн бұрын емес, алдын ала шешілуі тиіс екенін атап өтті.
Облыс әкімінің орынбасарына білім беру нысандарындағы құрылыстың барысы мен олардың аяқталуын қатаң бақылауға алып, әр нысанның қазіргі жағдайы, жұмысты аяқтау мерзімі, проблемалар мен ықтимал жағдайлар көрсетілген жан-жақты мәлімет беру жүктелді.
Жиын қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға 10 қыркүйекке дейін ведомствоаралық комиссия құру, Open Book жүйесін енгізу, құрылыс барысын бақылаудың цифрлық құралдарын және құрылыс саласында жасанды интеллект технологияларын пайдалану бойынша ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.
Өңір басшысы құрылыс сапасы, жобаларды іске асыру мерзімінен ауытқымау, нысандардың қауіпсіздігі және бюджет қаражатын тиімді пайдалану мәселелері ерекше бақылауда екенін, мұның бәрі жауапты мемлекеттік органдар тарапынан жүйелілікті қажет ететінін баса айтты.