
Атырауда “Құндылыққа негізделген білім және жасанды интеллект дәуірі – адами капиталды дамытудың стратегиялық негізі” тақырыбында білім беру саласы қызметкерлерінің облыстық тамыз конференциясы өтті. Жиынға Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитеті төрағасының орынбасары Зейнеп Мақсұтова, ҚР ҒЖБМ Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Әділет Тойбаев, филология ғылымдарының кандидаты Меруерт Медетбекова, MBZUAI Университетінің информатика пәні оқытушысы Мухаммад Али Джавед, биология пәнінің мұғалімі Марат Айтқалиев, сондай-ақ 500-ден астам сала қызметкері мен басшылар қатысты. Жаңа білім беру жағдайында адами капиталды дамыту жолдары пленарлық сессияның басты тақырыбы ретінде таңдалып, құндылықтарды қалыптастыру мен мұғалімнің рөлінен бастап жасанды интеллектіні енгізуге дейінгі мәселелер талқыға түсті.
Облыс әкімі Болат Ақшолақов педагогтерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, өңірде білім беру жүйесінің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытындағы жұмыстар кең ауқымда жұмыстар жалғасып жатқанын айтты.
— Соңғы үш жылда облыста 17 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, оқушы орны 15 мыңға көбейді. Сөйте тұра, 5 мектеп әлі де үш ауысымда жұмыс істейді, 7 мектеп апатты жағдайда тұр. Бұл мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп жатыр және менің жеке бақылауымда. 1 қыркүйекте 3 900 орындық алты мектеп, ал жыл аяғына дейін 600 орындық бір мектеп ашылады, – деді Б. Ақшолақов.
Аймақ басшысы атыраулық шәкірттердің жетістігін де айрықша атап өтті. Биыл олар республикалық және халықаралық олимпиадаларда 204 жүлделі орынға ие болып, 29 оқушы халықаралық жарыстардың жеңімпазы атанды. 15 оқушы “IQanat” жобасының грантын жеңіп алса, 5 оқушы IQanat High School мектебіне қабылданды. Бұдан бөлек, облыс командасы 7–8 сынып оқушылары арасында өткен жаратылыстану-математикалық олимпиадада «Үздік олимпиадалық команда-2026» бас жүлдесінің иегері атанды.
Білім беру жүйесі жұмысының нәтижелері мен саладағы жаңалықтар жайында білім басқармасының басшысы Марат Әбуов баяндады. Оның айтуынша, білім беру ұйымдарында тек оқуға емес, адам құқықтары мен бостандығын құрметтеуге, азаматтық жауапкершілік пен адалдықты қалыптастыруға баса назар аударылуы тиіс. Биылғы маңызды өзгерістің бірі — “Ақша баланың соңынан жүреді” тұжырымы бойынша ваучерлік қаржыландырудың енгізілуі. Пилоттық жоба 291 мектепке дейінгі білім беру ұйымын қамтыған. Нәтижесінде балабақша кезегінде тұрған 2 жастан 6 жасқа дейінгі бала саны 13 520-дан 2 432-ге дейін азайды.
— Цифрландыру ісі де тағы бір маңызды бағытқа айналды. Оқу-ағарту министрлігі мен серіктестердің қолдауымен облыстың 5 мыңға жуық педагогі ChatGPT Edu арнайы лицензиясын алды. Қосымша білім беруде LIRA платформасы енгізіліп, 30 мыңнан астам бала қамтылды. Бұл оқушылар туралы мәліметтерді жүйелеуге, есепке алудың ашықтығын қамтамасыз етуге және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға жол ашады, – деді Марат Әбуов.
Конференцияға арнайы шақырылған сарапшылар
білім беруді дамыту тұрғысындағы ой-пайымын ортаға салды. Пленарлық сессия барысында Меруерт Медетбекова, Мухаммад Али Джавед және Марат Айтқалиев адами капиталды дамыту, “Альфа” буынмен жұмыс істеу және білім беру процесіндегі жасанды интеллектінің рөлі жөнінде айтты.
Жиынның тағы бір бөлімі — заманауи білім беру және технологиялық шешімдер көрмесі. Оған 18 компания қатысып, STEM, робот техникасы, бағдарламалау, физика, математика және жасанды интеллект саласындағы жұмыстар мамандар назарына ұсынылды. Педагогтер қазірдің өзінде оқу процесінде қолдануға дайын технологиялармен танысуға мүмкіндік алды.
Конференция соңында 20 үздік білім беру мекемесі, сонымен қатар облыстың білім беру жүйесін дамытуға үлес қосқан педагогтер мен мамандар марапатталды. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің “Еңбек ардагері” медалі Исатай ауданы М. Мөңкеұлы атындағы орта мектептің тарих пәні мұғалімі Сағымбай Керешовке, “Қазақстан геологы” емдеу пансионатының директоры Шолпан Есқалиеваға және Мақат мұнай және газ технологиялық колледжінің аға шебері Ізтұрған Тасбаевқа табысталды. Бірқатар озат маман “Ыбырай Алтынсарин”медалін, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің “Білім беру ісінің құрметті қызметкері” төсбелгісін және облыс әкімінің Алғысхатын иеленді.