
Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов жергілікті урбанистермен және сәулетшілермен кездесті. Талқылауға өзек болған тақырып — сырттан сарапшылар мен салалық ұйымдарды тарта отырып, негізгі діңгегі жергілікті мамандардан қалыптасатын урбанистика орталығын құру.
Бұл — қаланың мастер-жоспарын құру, бірыңғай дизайн-код әзірлеу, көгалдандыру жүйесін дамыту және қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру бағытында бастау алған жұмыстардың жалғасы.
Кеңеске қатысушылар болашақ орталықтың ұйымдастыру моделін, оның міндеттері мен мемлекеттік органдармен, бизнеспен, құрылыс компанияларымен және сарапшылар қауымдастығымен ықпалдастығының механизмдері жайында ақылдасты.
Олардың пайымынша, урбанистика орталығы қалалық ортаны дамыту жобаларын дайындау мен жүргізудің, Атырауды дамытудың ұзақ мерзімді тұжырымын қалыптастырудың тұрақты алаңына айналуы тиіс.
Жобалардың барлық кезеңін іске асыруды қамтамасыз ете алатын жергілікті мамандарды даярлау қажеттілігіне де ерекше назар аударылды.
Болат Ақшолақов кездесуді қорытындылап, урбанистика орталығын құру мәселелерін нақтылауды және оның алдағы қызметі бойынша ұсыныс дайындауды тапсырды.