
Облыс әкімі Болат Ақшолақов жұмыс сапарымен Индер ауданына барды. Өңір басшысы әлеуметтік жобалардың жағдайын, тұрғын үй және инфрақұрылым нысандарының құрылысын, сондай-ақ құрылыс мерзімі түрлі себеппен кейінге шегерілген нысандарды тексеріп шықты.
Аймақ басшысы жұмыс сапарын Бөдене ауылынан бастады. Мұнда 150 орындық жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып, бүгінде пайдалануға беруге дайындық жүріп жатыр.
Құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды, қазіргі уақытта құжаттар рәсімделуде. Болат Ақшолақов жұмысты жеделдетуді және нысанды жаңа оқу жылы басталғанша тапсыруды жүктеді.
Облыс әкімі содан соң Индербор кентінің “Көктем” шағын ауданында салынып жатқан 80 пәтерлік тұрғын үйге барды. Құрылыс 2021 жылы басталып, кейін тоқтап қалған. Үйдің дайындығы 50% шамасында. Өңір басшысы нысанды мемлекеттік сараптамадан өткізуді қамтамасыз етуді, инженерлік инфрақұрылым мәселелерін шешуді және құрылысты қайта бастау үшін шаралар қабылдауды тапсырды.
Болат Ақшолақов Х. Нұрманов көшесіндегі 60 пәтерлік тұрғын үйдің де құрылысымен танысып шықты. Үйді инженерлік желілерге қосу көзделген. Аудан әкімдігінің мәліметінше, баспана кезегінде 1 446 адам тұр. Аймақ басшысы құрылыс мерзімдерін сақтау және жұмыстың сапасын қамтамасыз ету керегін атап өтті.
Облыс әкімі сондай-ақ Индербордағы әкімшілік ғимаратқа барды. Онда 2021 жылы күрделі жөндеу басталған. Ғимарат дайын болғанымен, тексеру кезінде жобалау және құрылыста кемшілік бары анықталған.
Бүгінде атқарылған жұмыс пен игерілген бюджет қаражатына талдау жүргізілуде. Өңір басшысы жағдайды жан-жақты сараптап, жобаны әрі қарай іске асыру бойынша ұсыныс беруді тапсырды.
Облыс әкімінің назарынан “Болашақ” шағынауданындағы 200 орындық интернаты бар 300 орындық мектеп-гимназияның құрылысы да тыс қалған жоқ. Нысан құрылысы 2022 жылы басталып, жобалау-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізілуіне байланысты тоқтап тұрған еді. Қазір ғимараттың қасбеті дайын, аумағы абаттандырылып жатыр.
— Енді жобаға еш негізсіз жаңа түзетулер енгізілмейді. Құрылыс міндетті түрде белгіленген уақытта аяқталуы тиіс. Ештеңені өзгертпей, бастаған жұмысты аяқтаңыздар, — деді Болат Ақшолақов.
Бұдан соң өңір басшысы Индербор кентінің “Болашақ” және “Шығыс” шағынаудандарындағы жол инфрақұрылымын дамыту жобаларының жағдайымен танысты. Мұнда автомобиль жолдарын, тротуарлар мен су бұру желілерін салу және реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде.
Аймақ басшысы “Атырау – Орал” республикалық тасжолының жөнделуіне де айрықша назар аударды. Жұмыс 95-тен 189-шақырымға дейінгі учаскеде жүріп жатыр. Жобаны жеделдету үшін алты мердігер, 150-ге жуық техника және 140-қа жуық жұмысшы жұмылдырылған. Облыс әкімі құрылыс технологияларын сақтауды, жол жұмыстарының сапасын бақылауды және бекітілген кестелерден ауытқымауды қамтамасыз етуді тапсырды.
Содан кейін Болат Ақшолақов Индербордың кәріз тазарту құрылыстарының жұмысымен танысты. Бүгінде нысан 3 мыңға жуық абонентке қызмет көрсетеді. Құрылыстар техникалық тұрғыда тексеріліп, соның қорытындысы негізінде жұмыс көлемі анықталып, қайта жаңғырту жөнінде ұсыныстар дайындалуы қажет. Өңір басшысы аудан әкіміне нысанды жаңарту мәселесін пысықтап, ұсыныс беруді тапсырды.

Сапар соңынде аймақ басшысына ең ірі тұз кен орнының бірі — Тұздыкөлді дамыту перспективасы туралы баяндалды. Мұндағы тұз қоры 2 миллиард тоннадан астам деп бағаланады. Талқылау барысында көлдің туристік әлеуетін дамыту және инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша ұсыныстар айтылды.
Болат Ақшолақов жұмыс сапарының қорытындысы бойынша нысандарды тұрақты бақылауда ұстауды, белгіленген мерзімдердің сақталуын қамтамасыз етуді және жобаларды іске асыру бойынша дер кезінде тиісті шешім шығаруды тапсырды.