
Облыс әкімі Қызылқоға ауданына сапары аясында теміржол вокзалдарын қайта жаңғырту, мектептер мен мәдениет үйлерінің құрылысы, жол жөндеу, сондай-ақ спорт және су шаруашылығы салаларында іске асырылып жатқан жобалардың жай-күйімен танысты.
Аймақ басшысы алдымен Жамансор мен Мұқырдың теміржол вокзалдарына барды. Екі ғимарат та 1976 жылы салынған және бүгінде қайта жаңғыртылу үстінде. Жоба “Қазақстан темір жолы” АҚ-мен бірге іске асырылып жатыр.
Жамансордағы вокзалдың дайындығы — 50%. Бұл бекет арқылы 4 бағыт бойынша пойыз өтеді, ай сайынғы жолаушы легі 100 адам шамасында. Ал Мұқыр вокзалы 35%-ға дайын. Мұндағы вокзал күніне 45-тей адамға қызмет көрсетеді, пойыздар 6 бағыт бойынша қатынайды.
Болат Ақшолақов мердігер мекемелерге жұмысшылар мен техника санын көбейтіп, жұмысты 2 ауысымда ұйымдастыруды және 1 қыркүйекке дейін реконструкцияны толық аяқтауды тапсырды. Аудан әкімі Қанат Әзмұхановқа жұмыс барысын жеке бақылауға алып, үш күн сайын оның орындалысы жөнінде есеп беріп отыруды жүктеді.
Өңір басшысы Жамансордағы 30 орындық интернаты бар 80 орындық жаңа мектепке де барды. Нысан қайтарылған активтер есебінен салынған. Құрылыс аяқталған, бүгінде құжаттары рәсімделіп жатыр. Мектеп жаңа оқу жылынан бастап шәкірттерді қабылдауы тиіс.
Облыс әкімі лицензиялау процесін жеделдетіп, сабақ басталғанша ұйымдастыру мәселелерін шешуді тапсырды.
Болат Ақшолақов бұдан кейін Мұқырда салынып жатқан 400 орындық Мәдениет үйіне ат басын бұрды. Нысанның дайындығы — 80%. Жаңа ғимаратта көрермен залы, үйірмелерге арналған бөлмелер және кітапхана болады.
Аймақ басшысы жұмысты ыждағаттап, ғимаратты белгіленген уақытта пайдалануға беру туралы тапсырма берді.
Облыс әкімі Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз автокөлік жолын орташа жөндеу жұмыстарының барысымен де танысып шықты. Ұзындығы 115 шақырымдық Миялы-Сағыз учаскесінің 40 шақырымы жөнделген.
Бұдан соң өңір басшысы Миялыдағы Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназияға барып, күрделі жөндеу жұмыстарының жайын көрді. Нысанда сегіз бригада жұмыс істеп жатыр. Ғимарат жаңа оқу жылы басталғанша толығымен жөнделіп болуы тиіс.
Болат Ақшолақов аудан орталығында салынып жатқан 500 орындық Мәдениет үйінің құрылысымен де танысты. Нысанның дайындығы — 30%.
— Қыс түскенше бетон жұмыстарын аяқтап, төбесін жабу керек. Күн суытқанша істеп үлгермесек, қосымша проблемалар туындайды,— деді Болат Ақшолақов.
Ойыл өзенін тазарту, түбін тереңдету және арнасын кеңейту мәселесіне де айрықша назар аударылды. Жоба елді мекендерді су басу қаупін төмендетуге бағытталған және жалпы ұзындығы 69 шақырымдық 12 учаскені қамтиды.
Бұдан кейін облыс әкімі Жангелдин ауылында жаңадан салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру
кешеніне және 300 орындық Мәдениет үйіне барды. Олардың құрылысын аяқтау үшін қаржыландыру мәселесі шешілуі тиіс.
Әкім нысандарды аралап шығып, барлық нысанды тұрақты бақылауды ұстауды, жұмыс мерзімдерін сақтауды және құрылыс пен жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізуді тапсырды.
Аймақ басшысы ауылдық жерлердің инфрақұрылымын дамыту адамдардың өмір сапасына тікелей әсер етіп, оқуға, спортпен шұғылдануға, мәдени ойын-сауық пен жайлы өмір сүруге заманға сай жағдай жасалуы керегін баса айтты.