
Құрманғазы ауданына қарасты Теңіз ауылында “LOTUS FEST-2026” мәдени-туристік фестивалінің салтанатты ашылу рәсімі өтті,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Фестивальдің ресми бөлімінде Құрманғазы ауданының әкімі Абат Жанғалиев қатысып, тұрғындар мен қонақтарды айтулы шараның ашылуымен құттықтады.
- Бүгінгі “LOTUS FEST-2026” фестивалінің ашылуымен құттықтаймын. Бұл іс-шара - лотос алқабының табиғи сұлулығын көпшілікке танытып қана қоймай, өңірдің туристік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Әсіресе, осындай ерекше табиғи нысандарды туристік бағытқа айналдырып, Атырауға келетін қонақтар санын көбейтуге жол ашады,- деді аудан әкімі.
Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Көрермендер алдында “Sarmad” этно-фольклорлық ансамблі, “Жайық қызы” халықтық би ансамблі өнер көрсетіп, эстрада жұлдызы Қуандық Рахым ән шырқады.
Фестиваль лотос алқабының табиғи ерекшелігін танытып, өңірдің мәдени және туристік әлеуетін кеңінен насихаттауға бағытталды.