
Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов Спорт күніне орай параволейболдан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелерімен кездесіп, олардың ел спортының дамуына қосқан елеулі үлесін атап өтті.
Өңір басшысы Қазақстан құрамасының Қытайда өткен әлем чемпионатындағы жеңісін Қазақстан спортындағы айтулы жетістік деп бағалады.
– Сіздер Қазақстандағы параспорттың дамуына зор үлес қосып келесіздер. Осы жолда маңдай терлеріңізді төгіп, шеберлікті шыңдадыңыздар. Бұдан бөлек, бұл жеңістің артында сіздерді баптаған, сенім артқан жаттықтырушылардың да еңбегі тұр. «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» дейді халқымыз. Сіздер — талай жанға төзімділік пен табандылықтың үлгісісіздер. Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық және алдағы жарыстарда жаңа жеңістер тілеймін, – деді Болат Ақшолақов.
Параволейболдың Атыраудағы даму тарихы 2002 жылдан бастау алады. Дәл осы жылы федерация құрылып, 2008 жылы мамандандырылған клуб ашылды.
Бүгінде Қазақстан ұлттық құрамасының 14 ойыншысының 10-ы Атырау облысынан.
Облыс әкімі ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Бауыржан Тахауовқа, «Атырау» параволейбол командасының директоры Нұрберен Әміржановқа, жаттықтырушылар Ернар Матеуов, Тұрлан Қаратаев және Расул Иманғалиевтерге, сондай-ақ спортшылар Бауыржан Сартаев, Нұртау Мұхамбетқалиев, Пердебай Намұратов, Бекет Тұрниязов, Әділет Сейтжаппар, Алмат Манабаев, Ерлан Битеміров, Жанғали Сүйеуов және Жандос Айтмұханбетовтерге параволейболды дамытуға қосқан үлесі үшін алғысхат табыстады.
Болат Ақшолақов қол жеткізген нәтижелер параволейболды одан әрі дамытуға серпін береріне сенім білдірді. Алда спортшыларды халықаралық додалар күтіп тұр. Өңір басшысы Қазақстан құрамасына Жапонияда өтетін Пара Азия ойындарында сәтті өнер көрсетіп, әлемдік аренада жаңа жеңістерге жетуге тілектестік білдірді.