Болат Ақшолақов Атыраудағы жол салу және жөндеу жұмыстарының барысын тексерді

Болат Ақшолақов Атыраудағы жол салу және жөндеу жұмыстарының барысын тексерді

Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов облыс орталығында салынып және жөнделіп жатқан жолдардағы жұмыс барысын тексеріп шықты. Өңір басшысы мердігер ұйымдарды жұмысты жеделдетуге және белгіленген мерзімдерді сақтауға міндеттеді.

Облыс әкімі «Көктем» базары маңындағы Жастар көшесін қайта жаңғырту учаскесінде болып, құрылыс кезінде туындаған мәселелермен танысты. Болат Ақшолақов инженерлік желілерді гильзалау мәселесін жедел шешіп, топырақты нығыздау және ауыстыру жұмыстарын ыждағаттауды, сондай-ақ асфальт төсеуге кірісуді жүктеді. Мердігердің мәліметінше, бұл учаскеде көлік қозғалысын ашу мерзімі битум тұрақтандырғыштың кеш жеткізілуіне байланысты кейінге шегерілген. Жол тамыздың жиырмасына таяу ашылады деп жоспарланып отыр.

Т.Бигелдинов көшесінде ұзындығы 1,6 шақырым жолды қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Әкім мердігерге жұмысшылар мен арнайы техника санын көбейтіп, құрылысты қазанның соңына дейін толық аяқтауды тапсырды.

Болат Ақшолақов Абай көшесіндегі орташа жөндеу жұмыстарының барысын да тексеріп, жұмысты 31 тамызға дейін аяқтау және оның орындалу сапасын тұрақты бақылау жөнінде тапсырма берді. Сонымен қатар Махамбет Өтемісұлы атындағы қазақ драма театры алдындағы учаскеде асфальт төсеу жұмыстарын 21 тамызға дейін аяқтау көзделіп отыр.

Сондай-ақ облыс әкімі әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында тараған «ағаштарды бетондау» туралы ақпаратқа қатысты мәселе көтерді. Мердігер ұйым өкілдері түсіндіргендей, бетон жиектастарды бекіту мақсатында қолданылған. Кей жерлерде ерітінді төгілген, бірақ анықталған кемшіліктер толық жойылған.

Махамбет көшесінде ұзындығы 1,4 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізілуде. Мердігер ұйым өкілі Жақсыбек Қалниязовтың айтуынша, жолдың бірінші қабаты төселген. Оның сапасы Ұлттық сапа орталығының зертханасында тексеріліп жатыр. Тексеру нәтижесі шыққасын келесі қабаты төселеді. Ұзындығы 600 метр учаскеде көлік қозғалысы 17 тамызда ашылмақ.

Облыс әкімі жұмыс сапарын қорытындылап, жол құрылысына қатысты барлық жоба белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс екенін атап өтті. Әкім құрылыс маусымының әр күнін тиімді пайдаланып, жұмыстарды кідіріссіз жүргізу қажеттігін баса айтты. Жол жобалары түгелдей дерлік аймақ басшысының жеке бақылауында.