Атырауда «Жастар Fest – 2026» фестивалі өтті

Атырауда «Жастар Fest – 2026» фестивалі өтті

Атырауда Жастар күніне орай «Жастар Fest – 2026» фестивалі ұйымдастырылды. Мерекелік гала-концертте түрлі салада жетістікке жеткен жастар марапатталып, «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттық жобасының жеңімпаздары анықталды. Кешке 15 мыңнан астам адам қатысты, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Фестивальдің ашылуында қала әкімінің орынбасары Ердос Әбдісаттаров жастарды мерекемен құттықтап, қала жастарына жасалып жатқан мүмкіндіктерге тоқталды.

– Қазір қала халқының 39 пайызын жастар құрайды. Бүгінде мыңнан астам жас волонтерлік қызметке белсенді қатысуда. Жыл басынан бері 237 жас «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында түрлі мекемелерде еңбек етіп жүр. Жастық шақтың жалынды күшін ел игілігіне жұмсап, биік белестерден көрінулеріңізге тілектеспін, – деді ол.

Іс-шара барысында жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» қағидаттары да кеңінен насихатталды. Фестиваль қонақтарына қоршаған ортаны қорғау, туған өлкенің тазалығына үлес қосу, заң талаптарын сақтау және қоғамдағы жауапкершілікті арттырудың маңызы түсіндірілді.

Кеш барысында «Atyrau Jastar Fest Cup – 2026» киберспорт турнирінің жеңімпаздары да марапатталды. Сайысқа 16 командадан 80 жас қатысып, нәтижесінде «Voco», «Maqat» және «Genesis» командалары жүлделі орындарға ие болды. Турнирдің үздік ойыншысы да арнайы марапат иеленді.

Сонымен қатар «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттық жобасының жеңімпаздары көпшілікке таныстырылды. Жоба ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, бизнес, медиа және волонтерлік бағыттарды қамтыды.

Мерекелік кеште Атыраудың жас өнерпаздарымен бірге Turar мен Daricorn өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.