Облыс әкімі Жылыой ауданындағы жобалардың іске асырылу барысымен танысты

Облыс әкімі Жылыой ауданындағы жобалардың іске асырылу барысымен танысты

Облыс әкімі Болат Ақшолақов Жылыой ауданына жұмыс сапары аясында бірқатар маңызды нысанды аралап, жүзеге асырылып жатқан жобалардың барысымен танысты. Аймақ басшысы аудандағы кезек күттірмейтін түйткілді мәселелерді талқыға салып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.

Әкім алдымен Кұлсары қаласындағы 1200 орындық мектептің құрылысымен танысты. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтерген нысан алдағы оқу жылында пайдалануға берілмек. Мектеп «Атырау» шағынауданында орналасқан. Үш қабатты ғимаратта 52 оқу кабинеті, екі спорт алаңы, екі асхана, 260 орындық акт залы, STEM және робототехника кабинеттері, инклюзивті білім беру кабинеттері, сондай-ақ хореография залдары қарастырылған.

Жылыой аудандық білім бөлімінің басшысы Алмабек Абдоловтың айтуынша, нысанда балалардың сапалы әрі қауіпсіз білім алуына толық жағдай жасалған.

– Мектептің ішінде 114, сыртында 36 бейнебақылау камерасы орнатылған. Сонымен қатар заманауи талаптарға сай арнайы полиция бекеті жабдықталды, – деді ол.

Өңір басшысы жаңа оқу жылына дейін кабинеттер мен инфрақұрылымның толық дайындығын қамтамасыз етуге міндеттеді.

Облыс әкімі келесі кезекте 145 төсекке арналған Жылыой аудандық орталық ауруханасына барды. Мұнда терапия, хирургия, балалар, инфекциялық және босандыру бөлімдері, сондай-ақ жансақтау бөлімі жұмыс істейді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиевтің айтуынша, аурухана заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қазір жылыойлықтар МРТ тексеруінен жергілікті жерде өте алады. Бұрын аудан халқы бұл қызметті алу үшін Атырау қаласына баруға мәжбүр еді.

– Бүгінде Жылыойда МРТ, лазерлік терапия, урология және эндокринология қызметтері көрсетіледі. Хирургия мен травматология операциялық бөліммен бір кешенге біріктірілді, пациенттер қажетті медициналық көмекті бір жерден алады. Ауруханада күйік шалған науқастарға арналған төсек орындары да бар. Биылғы алты айда 5400-ден астам адам стационарлық ем алды. Қазір мұнда 133 дәрігер мен 408 мейіргер жұмыс істейді, – деді Қ. Абдалиев.

Оның айтуынша, биыл ауданға Атырау қаласынан комбустиолог дәрігер тартылған. Осыған байланысты 12 төсек орнын және шұғыл көмек көрсетуге арналған екі арнайы төсек орнын ашу жоспарланып отыр.

Болат Ақшолақов бұл бастаманы қолдап, стационарлық ауруханалардан тыс жерлерде шұғыл медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік беретін 50 орындық мобильді госпиталь құру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Әкім жастар саясатына да ерекше назар аударып, Жылыой аудандық Жастар орталығына ат басын бұрды. Мұндағы жөндеу жұмыстары 2023 жылы басталып, 2025 жылдың қарашасында аяқталған. Жобаның негізгі мақсаты – аудан жастарының бастамасын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін заманауи әрі жайлы орта қалыптастыру.

– Ауданда 25 мың жас тұрады. Бұл – аудан халқының 32 пайызы. Қазіргі таңда орталықта 100-ден астам ерікті және 20 маман жұмыс істейді. Жаңа орталық жастардың өз идеясын іске асыруына зор мүмкіндік береді. Алдағы уақытта креативті индустрияны дамытуға басымдық бермекпіз, – деді аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Дана Баймағамбетова.

Болат Ақшолақов Кұлсарының Ұ. Абдрахманов атындағы көшесіндегі автомобиль көпіріне жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының жай-күйін де көріп шықты. Жөндеу биыл басталған. Мердігер – «БУКА» ЖШС. Көпірдің жалпы ұзындығы —150 метр. Қазіргі таңда 66 қада қағылып, көпірдің екі жағы бетондалаған.

Облыс әкімі мердігер ұйымға жұмысты жеделдетуді, бірақ сапаға нұқсан келмеуін қадағалауды, қажет болған жағдайда қосымша мамандар мен техникаларды, қосалқы мердігер ұйымдарды тартуды тапсырды.

Бұдан кейін өңір басшысы 3500 орындық орталық стадионның жұмысымен танысты. Жалпы аумағы 4,7 мың шаршы метр спорт кешенінің құрамында стадион, қыс мезгілінде жарыстар мен ойындар өткізуге арналған жабық алаң, бассейн, спорт және жаттығу залдары бар. Мұнда футбол, футзал, баскетбол, жүзу және волейболмен айналысуға толық жағдай жасалған. Жуырда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған бочча және үстел теннисі секциялары да ашылған.

Ауданда спортты дамытудың тағы бір бағыты – Кұлсары қаласында «Атырау» футбол клубы академиясының ресми филиалын ашу. Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражановтың айтуынша, бұл бастама балалар мен жасөспірімдердің спортқа қызығушылығын арттырып, аудан футболының дамуына жаңа серпін береді.

Жұмыс сапары аясында қаралған тағы бір маңызды мәселе — Құлсары қаласын су тасқынынан қорғау және су ресурстарын тиімді пайдалану. Болат Ақшолақов Жем өзенінде салынған гидроторапқа барды. Нысан Құрсай арнасындағы су ағынын реттеуге, су тасқыны кезінде Құлсарыны су басу қаупін азайтуға және шаруаларды суармалы сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражановтың айтуынша, ұзындығы 125 метр, биіктігі 4 метр гидроторап 3000 текше метрге дейін су жинақтай алады. Қажет болған жағдайда су Жем өзеніне және суару жүйесіне жіберіледі.

– Нысанның негізгі міндеттерінің бірі – Қамыскөл көлін сумен толтыру. Осы мақсатта Жем өзені мен Құрсай арнасының 95 шақырымында арнаны тереңдету жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар жағалау бойында ұзындығы 65 шақырым қорғаныс бөгеттері салынды, – деді Жұмабек Қаражанов.

Облыс әкіміне ауданның су ресурстарын реттеуге бағытталған бірқатар жоба таныстырылды. Олардың қатарында Жем өзенінде – Шоқпартоғай ауылының батысындағы теміржол көпірі маңында және Тұрғызба ауылының солтүстік-батыс бөлігінде екі гидротехникалық шлюз салу; ұзындығы 23,6 шақырым, ені 20 метр болатын «Құр-Жем» өзені тармағының арнасын тазарту және одан кейін өзеннің өткізу қабілетін арттырып, су басу қаупін төмендету үшін жаңа шлюз салу; сондай-ақ Жем өзені бойындағы Аралтөбе учаскесінде көлемі 220 млн текше метр болатын су қоймасын салу жобалары бар. Соңғы жоба бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленген.

Болат Ақшолақов бұл жобаларды іске асыру мәселесі өңірдің қаржылық мүмкіндігіне қарай қарастырылатынын атап өтті.

Облыс әкімі апатты жағдайдағы 280 орындық «Салтанат» бөбекжай-балабақшасына да барды. Нысан 2021 жылы пайдалануға беріліп, 2024 жылғы тасқыннан кейін жабылған. Техникалық тексеру қорытындысына сәйкес, жалпы аумағы 3,7 мың шаршы метрден асатын ғимарат апатты деп танылған.

Сонымен қатар аудандағы мектеп инфрақұрылымына қатысты мәселелер де қаралды. Тұрғызба ауылындағы 1976 жылы салынған, физикалық тозу деңгейі 66 пайыз деңгейіндегі №4 М. Әуезов атындағы мектептің бес ескі ғимаратының орнына 600 орындық жаңа мектеп, Құлсары қаласындағы 1950 жылы салынған, қазіргі таңда апатты жағдайда тұрған №15 С. Қарабалин атындағы мектепке бастауыш сыныптарға арналған 300 орындық жаңа корпус салуға қажеттілік бар.

Болат Ақшолақов екі нысанға қатысты құжаттармен танысып, аудан әкіміне мәселені жан-жақты пысықтап, нақты ұсыныстар беруді тапсырды.

Өңір басшысы 2007 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Аман Есен» шаруа қожалығына да барды. Шаруашылық 12 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Мұнда бақша дақылдары, баялды және бұрыш өсіріледі. Жыл сайын 30 тоннаға дейін ет және 50 тонна сүт өнімдері өндіріледі.

Аймақ басшысы аудан әкімі мен жауапты мамандарға электр және сумен жабдықтау мәселелерін жедел шешуді, суға зерттеу жүргізіп, топырақ сынамаларын алуды жүктеді. Сонымен қатар шаруашылықтың жер ресурстарын ескере отырып, өндірісті кеңейту мүмкіндігін, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін цех салу мәселесін пысықтауды тапсырды.

Шоқпартоғай ауылында облыс әкіміне «Елырыс» жеке кәсіпкерлігінің мал сою және ет консервілеу цехының жұмысы таныстырылды. Жоба 2024 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайыздық мөлшерлемемен іске қосылған. Кәсіпорын тәулігіне 1000 банкаға дейін ет консервілерін өндіруге қауқарлы. Өнімдер ауданның ішкі нарығын отандық тауармен қамтамасыз етуге бағытталған.

Болат Ақшолақов осындай өндіріс орындарын дамытудың маңызын атап өтіп, кәсіпорын өндіріс көлемін ұлғайтқан жағдайда облыс тарапынан тиісті қолдау көрсетілетінін айтты.